Бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев «Қызыл кітапқа» енген қызғалдақтарды жұлғаны үшін 12 миллион теңге көлемінде айыппұл салынуы мүмкін Шымкент қаласының тұрғынына қатысты пікір айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz
Бас прокурордың орынбасары қызғалдақтарды жұлған әйел айыппұлды нақты қашан төлейтіні жайлы хабарсыз екенін айтты.
"Бұл кейінірек белгілі болады. Бір айтарым, қатал болғанымен, заң талаптары бар. Егер адам заңды бұзса, айыппұл салынады. Егер адам заңды бұзбаса, айыппұл салынбайды", - деді Ғалымжан Қойгелдиев Сенатта тілшілер сұрағына жауап бере отырып.
Осы орайда ол басқа елдерде де осындай қатал талаптар бар екенін айтып, мысал келтірді.
"Біз көбінесе дамыған елдерді мысалға аламыз. Сингапурда адам темекі шегіп, тұқылын лақтырып жіберсе, ірі көлемде айыппұл салынады. Швецияда, Швейцарияда, Францияда, Германияда қылмыстық істердің 90 пайызында айыппұл салады және оған қоса қылмыстық жауапкершілік бар. Егер адам ұрлық жасаса, 6-7 жылға бас бостандығынан айырылады, үстіне айыппұл салынады", - деді Бас прокурордың орынбасары.
Еске салайық, бұған дейін әлеуметтік желілерде Қызыл кітапқа енген қызғалдақтарды кесіп, көлігіне тиеп жатқан әйелдің видеосы тараған болатын. Кейін полиция департаменті Түркістан облысы Ордабасы ауданындағы табиғи алқапта сирек кездесетін, жойылып кету қаупі бар қызғалдақтарды заңсыз терген Шымкент тұрғыны анықталғанын мәлімдеді.