"Бұл – иесінің тікелей кінәсі". Әбішев итке таланған баланың оқиғасына пікір білдірді

Қаракөз Амантай 02 июл. 2025 11:06

Алматы облысы, Қарасай ауданына қарасты Ұмтыл ауылдық округінде 10 жастағы баланы қабаған иттер талап, ауыр жарақаттады. Аталған жағдайға қатысты саясаттанушы Ғазиз Әбішев пікір білдірді. Оның айтуынша, мұндай жағдай қайталанған сайын мемлекеттік органдар мен жергілікті әкімдіктердің жауапкершілігіне қатысты мәселе күн тәртібіне шығуы тиіс, деп хабарлайды Dalanaews.kz.

Оның пікірінше, егер шабуыл жасаған иттер күзет мақсатында ұсталған болса, онда олардың иесі толық жауапқа тартылуы тиіс.

"Мұндай иттердің жауапкершілік аймағы тек өзіне сеніп тапсырылған аумақпен және иесінің қауіпсіздігімен ғана шектелуі керек. Олар — тірі қару. Ал қару қалай қолданылса, соған иесі жауапты. Егер ит өз аумағынан шығып, басқа адамға, әсіресе балаға шабуыл жасаса — бұл иесінің тікелей кінәсі", — деді сарапшы.

Сондай-ақ мұндай жағдайда жиі айтылатын «есікті жаппады», «итті біреу ашуландырды» деген сылтаулардың жауапкершіліктен жалтару екенін айтты.

"Егер адам халық көп шоғырланған ортада тірі қару ұстайтын болса — оның толық бақылауын қамтамасыз ету — бұл иесінің тікелей міндеті", — дейді Әбішев.

Саясаттанушы бұл қаңғыбас иттер болған жағдайда жауапкершілік мемлекеттік органдарға жүктелуі тиіс екенін атап өтті.

"Әрбір тірі жанның өмірін құрметтей отырып, біз ең алдымен адамға лайық қоғам құрудамыз. Жабайы иттердің үйірі — адам өмірімен салыстыруға келмейді. Мемлекет — қоғам қауіпсіздігіне жауапты орган. Ол адамдарды жануарлардың шабуылынан да қорғауы тиіс", — деді ол.

Сарапшы өз ойын коммуналдық мысалмен түйіндеді:

"Қыс мезгілінде шатырдан мұз түсіп кетуі мүмкін болса, ол қасақана емес, табиғи құбылыс. Бірақ соның өзінде коммуналдық қызметтер оны алдын ала алып тастайды. Ал егер бұл орындалмаса, және біреуге зиян келсе — жауапты адам жазаланады. Иттердің адамдарға шабуылдауы да — дәл осындай жағдай", — деп түйіндеді Ғазиз Әбішев.

Бұған дейін...

Еске салайық, Алматы облысының Қарасай ауданына қарасты ауылда 10 жастағы баланы екі қабаған ит талап, ауыр жарақаттады. Оқиға 30 мамырда болған.

Оқиғаның басты куәгері әрі баланы құтқарып қалған ауыл тұрғыны, зейнеткер Серікбек Сақайбековтың айтуынша, сол күні көлігімен жолаушы әйелді үйіне жеткізу үшін бара жатқанда, бір топ баланың шулап, жан-жаққа қаша жөнелгенін көрген.

Қазір 10 жастағы бала Қарасай аудандық орталық ауруханасында ауыр жарақатпен ем алып жатыр.

Баланың анасы Екатерина Бурмистрованың айтуынша, ұлының жағдайы өте қиын.

Прокуратура іс қозғады

Алматы облысының прокуратурасы Қарасай ауданына қарасты Жалпақсай ауылында балаға иттер шабуыл жасаған оқиға бойынша полиция қылмыстық іс қозғағанын мәлімдеді.

Прокуратураның алдын ала мәліметтеріне сәйкес шабуыл жасаған иттер адамдарды әртүрлі тәуелділіктерден емдейтін жекеменшік оңалту орталығының аумағында ұсталған.

"Тергеу аясында оңалту орталығының үй жануарларын ұстау ережелерін сақтауына құқықтық баға беріледі. Кінәлі тұлғалар заң талаптарына сәйкес қатаң жауапкершілікке тартылады. Істің тергеу барысы прокуратураның ерекше бақылауында", - деп жазылған хабарламада.

Оқиғаның басты куәгері не дейді?

Оқиғаның басты куәгері әрі баланы құтқарып қалған ауыл тұрғыны, зейнеткер Серікбек Сақайбековтың айтуынша, сол күні көлігімен жолаушы әйелді үйіне жеткізіп бара жатқанда, бір топ баланың шулап, жан-жаққа қаша жөнелгенін көрген. 

"Балалардың үрейленіп қашқанын көріп, бір сұмдық жағдай болғанын сездім. Қолымда ешбір құрал жоқ еді, көлігімнің есік қалтасынан тек балыққа алып жүретін бәкімді алдым да, бірден оқиға орнына жүгірдім. Барсам, екі үлкен қабаған ит балаға жабысып, оны сүйреп, жұлмалап жатыр екен. Питбуль тұқымдас ит баланың санын шайнап жатты, ал екінші овчарка иығынан ұстап, жерге сүйреп барады. Қанға боялған бала "Аға, құтқарыңызшы!" деп жанұшыра айғайлады. Оны көргенде ойланбастан иттерге қарсы шабуылдап, екеуін де ұрып өлтірдім", – дейді Серікбек ақсақал Stan.kz-ке берген сұхбатында.

Қазір 10 жасар бала Қарасай аудандық орталық ауруханасында ауыр жарақатпен ем алып жатыр. Баланың анасы Екатерина Бурмистрованың айтуынша, ұлының жағдайы өте қиын.

"Ұлымның құлағының жартысы жоқ, беті мен басы қатты зақымданған, сан етін иттер жұлып алған. Жарақаттары ауыр. Қазір медициналық құжаттарды жинап, сотқа жүгінуге дайындалып жатырмыз. Иттердің иелері болса баланың өзі кінәлі, аумаққа жақындады деп жалған айтып отыр", – дейді ол.

Серікбек Сақайбековтің ерлігі тұрғындар арасында қызу талқыланып, көпшіліктің қолдауына ие болды. Алайда өлген иттердің иелері зейнеткерден өтемақы талап етіп отыр екен.

"Қазір иттердің иелері келіп, маған иттері қымбат болғанын айтып, ақшасын төлеуімді сұрап отыр. Сонда баланы құтқармай, қансырап жатқанын үнсіз қарап тұруым керек пе еді?" – деп күйінді ол.


Рекомендовать
Последние новости