ШҚО-дағы жылу желілерін жөндеуге Үкімет резервінен 2,5 млрд теңге бөлінді

Ақтоты Жапатова 30 июн. 2025 10:26

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын жүзеге асыру аясында Үкімет резервінен Шығыс Қазақстан облысындағы жылу желілерін жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуге 2,5 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Премьер-министр Олжас Бектенов тиісті қаулыға қол қойды,- деп хабарлайды Dalanews.kz

Құжатқа сәйкес қаражат Риддер қаласы мен Қ. Қайсенов кентінің жылу желілерінде жөндеу жұмыстарын аяқтауға бағытталады. Бөлінген қаржының негізгі бөлігін Риддер қаласының жылу желілерінің ең қатты тозған 5,9 км учаскесін күрделі жөндеуге жұмсау жоспарланып отыр.

Ұлан ауданы Қ. Қайсенов кентінде ұзындығы 9 км жылу желілерін реконструкциялаудың екінші кезегін аяқтауға 113 млн теңге бағыттау жоспарланған.

"Жалпы Шығыс Қазақстан облысының елді мекендерінде жылу желілері 30 жылдан астам уақыт бойы пайдаланылып келеді. Осы кезеңде оларға күрделі реконструкция жасалған жоқ. Тозу деңгейі орта есеппен 55%-дан, ал жекелеген елді мекендерде 75%-дан асады", - делінген Үкімет хабарламасында.

Естеріңізге сала кетейік, осы жылдың мамыр айында ҚР Үкіметінің резервінен екі қазандық агрегатын жөндеуге, №5 редукциялық-салқындату қондырғысының технологиялық үдерістерін басқарудың автоматтандырылған жүйесін енгізуге, сондай-ақ Риддер қаласының ЖЭО-ның өз қажеттіліктерін қамтамасыз ететін электротехникалық жабдықтың бір бөлігін ауыстыруға шамамен 1,7 млрд теңге бөлінді.

Соңғы екі жылда қалада жөндеу жұмыстары төтенше жағдайда және ЖЭО-ны тезірек іске қосу және жылу желілерін жөндеу қажеттілігінде жүргізілді. Жедел әрекет етудің арқасында екі жыл ішінде тозу 82%-дан 66,8%-ға дейін төмендеді.


Рекомендовать
Последние новости