“Бұл кешірілмейтін жағдай“. Әлназарова дәрігерлерге жасалған шабуыл туралы айтты

Қаракөз Амантай 18 июл. 2025 12:47

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Facebook парақшасында қазақстандықтарға үндеу жолдап, дәрігерлерге жасалған шабуылдарды қоғам қауіпсіздігіне төнген қатер деп атады. Министр бұл мәлімдемесін Қарағанды мен Қостанайда бір күнде болған екі ауыр оқиғадан кейін жариялады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

“Құрметті отандастар! Сіздерге перзентханада медбике, балалар ауруханасының қабылдау бөлімінде кезекші және ординатор болып еңбек еткен маман ретінде үн қатып отырмын. Дәрігерлерге жасалатын зорлық-зомбылықты тоқтатыңыздар! Өз балаларыңызды, ата-аналарыңызды, жақындарыңызды аман алып қалуға жанын салған дәрігер мен мейірбикенің бойын жайлаған қорқыныш, қорғансыздық пен қорлықты елестетудің өзі ауыр. Бұл — ақтауға келмейтін, жабайылыққа тән әрекет”, – деп жазды министр.

Оның айтуынша, мұндай шабуылдарды тұрмыстық кикілжің ретінде емес, тұтас қоғам үшін қауіпті құбылыс ретінде бағалау қажет.

Ақмарал Әлназарова Қарағанды мен Қостанайда бір күнде болған оқиғаларға алаңдаушылық білдірді. Қарағандыда жекеменшік емхананың мейірбикеге шабуыл жасалса, Қостанай облыстық ауруханасында урология бөлімінің жас хирургі науқастың соққысынан есінен танып, жансақтау бөліміне түскен. Науқас өз кезегін күткісі келмегені үшін дәрігерге қол көтерген. Қазір дәрігердің жағдайы ауыр.

“Күн сайын адам өмірін құтқарып жүрген жанға қол көтеру үшін адам қандай қатыгездік пен тасбауырлық деңгейіне түсуі керек? Бұл - ақылға қонымсыз әрі кешірілмейтін жағдай. Бейбіт күнде дәрігерлер өз жұмыс орнында өміріне қауіп төніп тұрғанын ойлауы тиіс емес”, – деді министр.

Ол мұндай жағдайлардың алдын алу үшін шұғыл шаралар қажет екенін айтты. Атап айтқанда, министр тәулік бойы жұмыс істейтін қабылдау бөлімдеріне, балалар мен перинаталдық орталықтарға күзетті күшейтуді ұсынды. Сонымен қатар халық арасында дәрігерлерге деген алғыс айту мәдениетін қалыптастырып, олардың еңбегіне құрметпен қарауды тәрбиелеу қажет екенін жеткізді.

Еске салайық, 17 шілдеде Қостанайда кезегін күткісі келмеген пациент жас хирургке жұдырық жұмсап, дәрігер ауыр жарақатпен жансақтау бөліміне түсті. Күдікті ұсталып, тергеу басталды.


Рекомендовать
Последние новости