Қазақстанда мемлекеттік қызметкерлер арасындағы заңбұзушылықтар саны биылғы жылдың алғашқы жартысында біршама төмендеді. Бірақ аса ауыр қылмыстардың үлесі, керісінше күрт өскен. Мұндай деректерді ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті комитеті жариялады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
2025 жылдың қаңтар-маусым айларында еліміздің мемлекеттік қызметкерлері 249 құқықбұзушылық жасаған. Бұл өткен жылдың дәл осындай кезеңімен салыстырғанда 24,1%-ға аз. Нақтырақ айтсақ, 236 қылмыстық құқықбұзушылық және 13 әкімшілік теріс қылық тіркелген. Былтырғы жартыжылдықта 322 қылмыстық құқықбұзушылық пен 6 әкімшілік теріс қылық болған еді.
"Қылмыстың саны азайғанымен, салмағы артып барады. Мәселен, ауыр санатқа жататын қылмыстар саны 32,1%-ға азайып, 180 оқиғаны құрағанымен, аса ауыр қылмыстар саны 4,3 есеге бір-ақ көбейген (13 оқиға). Орташа ауырлықтағы қылмыстар екі есе азайып, 20 оқиға тіркелген, ал жеңіл қылмыстар, керісінше 35,3%-ға өсіп, 23 оқиға болған", деп жазады ranking.kz.
Жалпы, былтыр мемлекеттік қызметкерлер 681 заңбұзушылық жасаған еді, бұл алдыңғы 2023 жылмен салыстырғанда 39,3%-ға артық болатын. Оның ішінде 516-сы ауыр қылмыс, 21-і аса ауыр қылмыс саналған.
Осы жартыжылдықта тіркелген заңбұзушылықтардың басым бөлігі – мүліктік қылмыстар (111 жағдай). Одан кейін сыбайлас жемқорлыққа қатысты және мемлекеттік басқару мүдделеріне қарсы қылмыстар тұр (102 жағдай).
"Сондай-ақ, мемлекеттік қызметкерлер тарапынан жеке тұлғаға қарсы – 7, басқару тәртібіне қарсы – 7, көлік саласында – 6, отбасы мен кәмелетке толмағандарға қарсы – 5, ақпарат және байланыс саласында – 4, экономикалық қызметке қатысты – 4, халық денсаулығы мен адамгершілікке қарсы – 3 құқықбұзушылық тіркелген. Мемлекеттік қызметкерлер арасында ең жиі кездесетін қылмыс – пара алу және өзгенің сеніп тапсырған мүлкін иемдену немесе ысырап ету (әрқайсысы бойынша 59 жағдай). Алаяқтық – 45, лауазымдық өкілеттігін теріс пайдалану – 24 жағдай тіркелген", делінеді мақалада.
Бұған қоса, мемлекеттік қызметкерлер тарапынан үш рет адам ұрып-соғу жағдайы, бір-бірден кісі өлтіруге оқталу, жеңіл дене жарақатын салу, кәмелетке толмағандарға қарсы зорлық-зомбылық әрекеттері де анықталған.
Сарапшылардың айтуынша, қылмыс жасаудың басты себебі – жеке бас пайдасы. Шенеуніктердің зорлық-зомбылық әрекеттеріне қарағанда, сыбайлас жемқорлық және мүліктік қылмыстарға жиірек баруы олардың эмоционалды әсерден гөрі қаржылық пайдаға саналы түрде ұмтылатынын көрсетеді.
Демек, мемлекеттік қызметкерлердің заңбұзушылыққа баруының негізгі факторы – қызмет бабын пайдаланып, пайдаға кеңелу. Қызметтік ресурсты табыс көзі ретінде қарастыру әлі күнге дейін мемлекеттік аппараттағы негізгі проблема болып отыр.