Бүгін Гонконг қор биржасындағы индекстер жалп етіп құлап, инвесторлар у-шу болды

Кәмшат Тілеухан 08 окт. 2024 19:12 3181

Соңғы бірнеше апта Қытайдың қор биржасында жоғарылаумен болған акциялар бағамы 8 қазанда сылқ етіп құлап, инвесторларды уш-шу етті. Мәселен, Hang Seng (HSI) индексі 9,56%-ға төмендеп, ең төменгі деңгейдегі 20891,98 пунктке орнықты. Гонконгта саудаланатын, қытайлық акцияларды да қамтитын Hang Seng China Enterprises-тікі 7421,3 пунктке дейін төмендеп, 10,9%-ға құлады, деп хабарлайды Dalanews.kz

Ал Шанхай және Шэньчжен қор биржасындағы - CSI 300 акциялар индексі мейрамнан кейінші алғашқы күні 11%-ға көтеріліп, бірақ көп ұзамай өз позициясын жоғалта бастады. Мұндағы құлдырау биржа ашылған сәттегі деңгейден 7,98%-ды құрап, 4095,05 пункте дейін төмендеді.

Айта кетсек, 1-7 қазан аралығында ҚХР тауар және қор биржалары мерекеге орай сауда-саттықты тоқтатқан болатын.

Сарапшылар Қытайдың қор нарығындағы бүгінгі құлдырауды инвесторлардың үкіметтің экономиканы одан әрі ынталандыруға дайын екендігіне күмәнданмен қарауы түрткі болғанын айтады.  

Bloomberg бұл жайт 8 қазандағы Ұлттық даму және реформа комиссиясының (NDRC) баспасөз конференциясынан кейін орын алғанын баса жазады.

Баспасөз мәслихатында шенеуніктер шығыстарды көбейтіп, жалақысы төмен топты қолдауға ниетті екендерін растады, бірақ экономиканы ынталандыру бойынша ләм-мим деп жақ ашпады. Міне, осы жайт инвесторлардың күмән-күдігін қоюлата түсті. Ал олар мерекеден кейін үкіметті шешуші қадамдар жасайды деп күткен болатын. Себебі үкімет бұған дейін ел экономикасын ынталандыру бойынша нақты шаралар қабылдауға уәде еткен.

Атап айтқанда, Қытай билігі қыркүйекте бюджет шығыстарын қолдап, жағдайы мүшкіл жылжымайтын мүлік нарығын тұрақтандыруға ат салысу арқылы ел экономикасының өсімін қамтамасыз етуші шараларды күшейтетіндерін айтқан.

Reuters биыл Қытайдың шамамен 2 трлн юанның (285 миллиард доллар) бағалы қағаздарын шығаруды жоспарлап отырғанын жазады. Агенттік дереккөздерінің хабарлауынша, аталған қолдау шаралары аясында елдің қаржы министрлігі 1 трлн юаньға борышкерлік бағалы қағаздар шығаруды жоспарлап отыр: мұндайда, ең алдымен, COVID-тен кейін экономиканың қалпына келуінің баяулауына байланысты қоюланып келе жатқан тәуекел - тұтынысты ынталандыру қолға алынбақ.

Қытай Халық банкінің (ҰБК) басшысы Пан Гуншэн 24 қыркүйектегі отырыстың қорытындысы бойынша өткізілген баспасөз мәслихатында өтімділік нарығына 1 трлн юань (1 142,15 млрд) бағыттау жоспарланып отырғанын айтқан, деп хабарлады Reuters.

Осылайша Қытайдың орталық банкі басшысы базалық мөлшерлеменің (LPR) — 0,2–0,25 пунктке дейін төмендеуі мүмкін екенін меңзеген. Сондай-ақ жеке тұлғаларға беріліп үлгерген ипотекалық несие сыйақы мөлшерлемелерін төмендету жоспарланып отырғаны айтылған.

Міне, Қытай билігі уәде еткен осы шаралар 1-7 қазандағы мереке күндерінен кейін қолға алынады деп күтіліп, инвесторлар бұған дейін түрлі бағалы қағаздарды сатып алып, әліптің артын баққан. Сондықтан алдағы бірнеше апта бойы Қытай қор биржасындағы индекстердің жоғарылаулары осымен байланысты еді. Алайда инвесторлар күткен жағдай мереке күндерінен кейін орын алмады. Бұған әбден абдырап, асып-сасқан инвесторлар қайтадан қолындағы бағалы қағаздарды жалма-жан жаппай сата бастаған...


Рекомендовать
Последние новости