БҚО-да мемлекеттік ту салтанатты түрде көтерілді

Динара Насыр 04 июн. 2024 18:33 3292

Оралдағы Тұңғыш Президент алаңында 4 маусым – ҚР Мемлекеттік рәміздер күніне арналған шара өтті, – деп хабарлайды Dalanews.kz БҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Салтанатты жиында ҚР Мемлекеттік  Гимні орындалып, Мемлекеттік туы көтерілді.

БҚО әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов халықты мерекемен құттықтады.

– Сіздерді 4 маусым – Мемлекеттік рəміздер күнімен шын жүректен құттықтаймын! 1992 жылы 4 маусымда еліміздің мемлекеттік рәміздері бекітілді. Халықаралық деңгейде мойындалды. Байрағымыз БҰҰ-ның төрінде тұр. Оны ғарышкерлеріміз көк жүзіне көтерді. Альпинистеріміз әлемнің ең биік шыңдарына орнатты. Спортшылар жеңіс тұғырынан желбіретіп, Гимнімізді шырқатты. Күллі әлем қазақ елін көк байрағына қарап танитын болды.

Мемлекеттік рәміздер – Тәуелсіздігіміздің нышаны, бабаларымыздың арманы және ажырамас бөлігі. Президентіміз ұлттық бірегейлігімізді әлемде дәлелдейтін екі факторды атап өтті. Ол– біздің Көк төлқұжатымыз бен Көк байрағымыз. Көк тудың астында бірігіп, бір ұлт болып ұйысуға шақырды.

«Бірлік бар жерде тірлік бар!» деген қазақтың дана сөзі осындайда айтылса керек. Кешегі 100 жылда бір қайталанатын, су тасқынымен күресуде Қазақстанның түпкір-түпкірінен автокөліктер мен азаматтар өз еріктерімен келіп, үлес қосты. Халқымыздың ерен еңбегі мен бірлігінің арқасында 84 елді мекен су апатынан аман қалды.

Отандастарымыз зардап шеккен жандарға жаппай қол ұшын созды. Бір-біріне шынайы жанашыр болды. Сондықтан Батыс Қазақстан облысы Нариман Төреғалиевтің атынан су тасқынына қарсы күресте үлес қосқан азаматтарға алғыс айтамын.

Еліміз аман, жұртымыз болсын! - деді Бақытжан Хаберұлы.

Әкім орынбасары су тасқынына байланысты төтенше жағдай уақытында ел үшін аянбай еңбек еткен бір топ азаматты марапаттады.

Олардың арасында ЖОО-ның ректорлары және еріктілер бар.

 


Рекомендовать
Последние новости