Бүгін Қалалық мәдениет және демалыс саябағында Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні мен Экологтар күніне арналған салтанатты жиын өтті. Іс-шараға мемлекеттік мекемелердің, өндіріс орындарының эколог мамандары, ардагерлер мен қоғам өкілдері қатысты,- деп хабарлайды Dalanews.kz
Іс-шара аясында қала мектептерінің оқушылары арасында ұйымдастырылған «Қайта өңде – Қайта өмір сыйла» атты шығармашылық көрме көрермен назарына ұсынылды. Көрмеде балалар тұрмыстық қалдықтар мен қайта өңделетін материалдардан жасалған бұйымдарын көпшілік назарына ұсынды.
Оқушылар өз қиялдары мен экологиялық білімін ұштастыра отырып, пластик бөтелкелерден жасалған гүлдер, картоннан құрастырылған макеттер, қағаздан жасалған сәндік бұйымдар мен тұрмыстық қолдануға арналған ыдыстарды көрсетті. Бұл көрме – балалардың табиғатты қорғауға, қалдықтарды сұрыптап пайдалануға деген көзқарасын қалыптастыруға бағытталған маңызды бастама болды.
Қатысушылар мен көрермендер балалардың еңбегіне жоғары баға беріп, қоршаған ортаны аялауға үлес қосып жүрген жас ұрпақтың белсенділігін атап өтті.
Салтанатты жиын барысында қоршаған ортаны қорғау саласына үлес қосып жүрген бірқатар мамандар Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі тарапынан марапатталды:
- «Еңбек ардагері» медалімен БҚО экология департаментінің зейнеткері Өтепберген Ихсанұлы Мұқанов;
- «Экология саласының үздігі» төсбелгісімен – бас мамандар Төлеген Сағынғалиұлы Бақтығалиев пен Айнагүл Сағидоллақызы Кенжина;
- Құрмет грамоталарымен «Жайықмұнай» ЖШС-нің департамент директоры Дәулет Маратұлы Төлегенов және «КПО б.в.» компаниясының бөлім басшысы Елена Александровна Почиталина;
- Алғыс хаттармен – «Жайықжылуқуат» АҚ инженер-экологы Алтынай Базарбайқызы Шұнаева, «ALTRA TYRES» ЖШС экологы Диана Равильевна Тлефтинова, сондай-ақ «Экология-географиялық қоғамының» басшысы Дархан Сүндетқалиұлы Сариев пен БҚО табиғи ресурстар басқармасының бас маманы Жадыра Аманжолқызы Қойшекенова марапатталды.
Жиын барысында Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Қалияр Шадиярұлы Айтмұхамбетов сөз сөйлеп, қоршаған ортаны қорғаудағы еңбегі үшін бірқатар сала мамандарына облыс әкімінің Алғыс хаттарын табыстады. Атап айтқанда:
- Табиғат қорғау шаралары бөлімінің бас маманы Майра Ғалымжанқызы Майхарина;
- Жәнібек ауданы әкімдігі өкілі Арман Серікұлы Түйебаев марапатталды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың“Тазалық әр адамнан, әр үйден, әрбір көше мен әр қаладан басталуы керек. Өйткені «Таза Қазақстан» – бұл бір күндік науқан емес, бұл – біздің өмір салтымыз” деген сөзі іс-шараның мазмұнды ұранына айналды.
Мерекелік жиын экологияны қорғауға үндеу ретінде танылып, қатысушылар арасында табиғатқа деген жауапкершілік сезімін арттырды.