Өндіріс орнының ашылуына бейне байланыс режимінде Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Әлихан Смайылов, MOL Group компаниясының барлау және өндіру жөніндегі атқарушы вице-президенті Жомбор Мартон, Sinopec International Petroleum Exploration & Production Corporation компаниясының басқарма төрағасы Го Юэлян қатысты. Кен орнын Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-ның басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев, MOL Group Ресей/Қазақстан бас директоры Евгений Лапшин және First International Oil Corporation Limited (Sinopec компаниясының еншілес кәсіпорны) компаниясының вице-президенті Чжао Вэньминь салтанатты түрде іске қосты.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың жаңа кен орындарын барлау, оларға инвестиция тарту туралы тапсырмасын іске асыру аясында жүзеге асып жатқан бұл жобаның стратегиялық маңызы зор. 530 миллион АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылған Рожков кен орны табиғи газ көлемінің қосымша көзі болады. Кен орнында өндірілетін шикізат «Жайықмұнайгаз» компаниясының қуаттылығында өңделетін болады. Жоба шетелдік серіктестермен бірлесе отырып жүзеге асырылады. Бұл озық халықаралық тәжірибені ескере отырып қажетті жобалық шешімдерді дайындау мен енгізуде қолдануға мүмкіндік берді.
Бұдан басқа 12 халықаралық компаниямен бірлесіп, перспективалық, геологиялық барлау жүргізуге және қолданыстағы кен орындарын қосымша барлауға арналған жобалар пысықталуда. Елімізде халық саны мен өнеркәсіптің өсуі газ ресурстарын өндіру және өңдеу қуатын арттыруды талап етеді. Мемлекет басшысы 2030 жылға дейін тауарлық газ өндірісінің көлемін 30 млрд текше метрге дейін жеткізу жөнінде мақсат қойып отыр. Осыған байланысты Қашаған мен Қарашығанақ кен орындарында және Жаңаөзен қаласында жаңа газ өңдейтін зауыттар салынады, – деді Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Әлихан Смайылов.
Салтанатты жиында Sinopec International Petroleum Exploration & Production Corporation компаниясының басқарма төрағасы Го Юэлян тікелей трансляция арқылы аспан асты елінен сәлем жолдады. «Sinopec компаниясының атынан Рожков газ кен орнында ресми түрде коммерциялық өндіру жұмысының басталуымен шын жүректен құттықтаймын. Қазақстан Үкіметіне жұмыс барысында тұрақты қолдау көрсетіп келгені үшін, сонымен бірге операциялық компанияның («Орал Ойл энд Газ» ЖШС) басшыларына атқарылған жұмыс үшін шынайы ризашылығымды білдіремін», – деді қытайлық компаниясының басқарма төрағасы Го Юэлян.
Венгрия астанасы – Будапшеттен бейнебайланыс арқылы сөйлеген MOL Group компаниясының барлау және өндіру жөніндегі атқарушы вице-президенті Жомбор Мартон бірлескен жобаның болашағы зор екенін айтты. «Біз Қазақстан мен Мажарстан үкіметінің MOL компаниясының қазақстандық мұнай-газ секторындағы қызметін экономикалық жобалар аясында екі ел арасындағы ынтымақтастықтың озық үлгісі ретінде мойындағанын жоғары бағалаймыз. MOL және «Орал Ойл энд Газ» командасына, сондай-ақ серіктестерімізге, екі елдің үкіметіне бірлескен жұмыс үшін алғыс білдіремін», – деп атап өтті Жомбор Мартон.
«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-ның басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев бұл жоба Батыс Қазақстан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпал етеді деп есептейді.
«Орал Ойл энд Газ» ЖШС-ның жұмыстары мен қызметтеріндегі жергілікті қамту үлесі кем дегенде 74% құрайды. Жобаға құрылыс кезінде 450-ден астам адам жұмылдырылып, 80 тұрақты жұмыс орны ашылды. «Былтыр қазан айында энергетика саласын дамыту жөніндегі кеңесте Мемлекет басшысы тауар газы өндірісінің көлемін арттыруды тапсырды. Біз биыл мамыр айында Оңтүстік Ақсай кен орнын, желтоқсан айының басында Шығыс Өріктау кен орнын іске қостық, ал жыл соңында Рожков кен орнын пайдалануға беріп отырмыз», – деді Мағзұм Мырзағалиев.
Кен орнында жылына шамамен 1 млрд текше метр газ, 500 мың тоннадан астам конденсат өндіріледі, ал сұйытылған көмірсутекті газ өндірісінің деңгейі 150 мың тоннаға жетеді. Кен орнынан алынған шикі газ «Жайықмұнайгаз» ЖШС газ өңдеу кәсіпорнына беріледі, өңделген тауар газы ішкі нарыққа жеткізіледі. «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-ның басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев бастапқыда бұл жобаны іске қосу оңай болмағанын, жұмыс барысында кедергілерді біртіндеп еңсергенін жеткізді. Басқарма төрағасы Маңғыстау мен Атырау облыстарындағы мұнай-газ кен орындарын дамыту жоспарда бар екенін жеткізді.
– Бұл жобаның еліміз үшін, оның ішінде біздің облыс үшін маңызы өте зор. Батыс Қазақстан облысында көктем мен күз айларында және қыс кезінде сұйылтылған газ тапшылығы туындайды. Басқа өңірлердегі кәсіпорындардан сұйылтылған газ уақтылы жеткізілмей, аутогаз құятын бекеттер қиындыққа душар болып жатады. Енді шикізат табу мәселесі Рожков кен орны есебінен шешіледі. Зауытта жергілікті тұрғындар жұмысқа алынады. Облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсер ететін жоба деп есептеймін, – деді Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев.
Рожков кен орны Бәйтерек ауданының аумағында, Орал қаласынан солтүстік-шығысқа қарай 70 шақырымда Жайық өзенінің оң жағалауында орналасқан. Оның маңында Чеботарево, Петрово, Хамино елді мекендері бар.
2024 жылы шамамен 318 млн текше метр шикі, 263 мың тонна конденсат және 44 мын тонна сұйытылған көмірсутек газы (СКГ) өндіру жоспарлануда. «Рожков газконденсат кен орны 2008 жылы ашылды. Шикізат өндіру үшін тоғыз ұңғыма қазылды. Қазіргі уақытта бір ұңғыма жұмыс істеп тұр. 2024 жылдың 7-8 айында төрт ұңғыманы іске қосамыз деген жоспар бар. Кен орнының қорында 12,5 млн. тонна конденсат, 26,9 миллиард текше метр шикі газ бар. Кәсіпорынға мейлінше жергілікті тұрғындарды жұмысқа тартудамыз», – деді «Орал Ойл энд Газ» ЖШС-ның бас директоры Данияр Оразбаев.
Нұртай АЛТАЙҰЛЫ
Dalanews.kz сайты