Болат Өтемұратовқа тиесілі банктің басшысы ауысты

Кәмшат Тілеухан 01 нояб. 2024 11:53 3177

Талғат Қуанышев ForteBank-тің басшысы болып тағайындалды. Ол өз еркімен қызметінен босатылған Бекжан Пірматовтың орнын басты. Ал Пірматовтің "Верный Капитал" компаниялар тобы құрамындағы басқа лауазымды қызметке ауысқаны белгілі болды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Талғат Қуанышевтың Қазақстанның қаржы секторында 30 жылдан астам жұмыс тәжірибесі бар. Ол "АТФБанк" АҚ, "Банк Kassa Nova" АҚ, "АТФ Лизинг" АҚ және "ForteBank"АҚ сияқты қаржы институттарын табысты басқарды. Ол 2015 жылы да ForteBank басқармасының төрағасы болған.

Айта кетсек, миллиардер Болат Өтемұратов банктің мажоритарлы акционері болып табылады. Ол "Верный капитал" инвестициялық тобының басқаруындағы жобалардың негізгі инвесторы және атаулы қайырымдылық қорының қызметіне жетекшілік етеді. Сондай-ақ ол Қазақстан теннис федерациясының президенті және Халықаралық теннис федерациясының (International Tennis Federation) вице-президенті болып табылады. Оның есімі АТФ банк, Темірбанк, Альянс банк, Kassa Nova, ForteBank атауларымен қатар жиі аталады.

2023 жылы Forbes нұсқасы бойынша оның дәулеті 2,7 млрд долларға бағаланды. Өтемұратов ForteBank акцияларының 83,41%-ына ие. Сондай-ақ KaR-Tel (Қазақстандағы Beeline операторы), алтын өндіруші RG Gold компаниялары, Астана мен Венадағы Ritz-Carlton қонақ үйлері, Мәскеудегі The Carlton, Rixos Borovoe компаниясы акцияларында да оның үлесі бар.

Бұған дейін біз Болат Өтемұратовқа тиесілі медиахолдинг "Әділдік және өркендеу" қоғамдық қорының қолына өткенін жазған болатынбыз


Рекомендовать
Последние новости