“Қылмысты бизнес көзіне айналдырып алғандар бар”. Айгүл Орынбек Талғардағы трагедияға қатысты пікір білдірді

Қаракөз Амантай 31 окт. 2024 11:09 4633

Бір топ бұзақының қолынан қаза тапқан Шерзат Болаттың ісі қоғамда үлкен резонанс тудырды. Қазіргі таңда өрімдей жас жігіттің өмірін қиған күдіктілер қамауға алынды. Осы тұста көпшілік Талғардағы трагедияның ашық сотта қаралуын талап етіп отыр. Белгілі заңгер Айгүл Орынбек халықтың бұлай дабыл қағуы орынды екенін айтады. Оның пікірінше, заң үстемдігі жоғары тұратын елде ашық сот өтуі керек. Dalanews.kz агенттігіне берген сұқбатында заңгер істің мән-жайына қатысты ойын ортаға салды.

“Кейде адамдар өздерін қорғау немесе қылмыстарын жасыру мақсатында резонансты әдейі қолдан жасап жатады. Сондықтан сот әділдігіне және заң үстемдігіне халықтың көзін жеткізу үшін дау тудырған қылмыстық істер ашық сот отырысында қаралуы керек. Халық айқайлағанның бәрі шындықты айтып жүр деген түсініктен арылып, ақпаратты саралап үйренуіміз керек. Соңғы уақытта сыбайластық пен жемқорлық белең алған заманда ел арасында заңсыз жабылып кеткен істер резонанс арқылы ғана әділ шешімін табады деген түсінік қалыптасып келеді. Бұл - құзырлы органдардың заңды түрде жұмыс істемеуінің көрінісі. Халық дұрыс дүние сұрап отыр. Заң үстемдігі жоғары түратын елде ашық сот өтуі керек. Бұдан халыққа пайдасы болмаса, зияны тимейді”, - дейді ол.

Айтуынша, мұндай шаралар жұрттың құқықтық сауатын арттырып, заңды тереңірек түсінуіне мүмкіндік береді. Сонымен қатар құзырлы органдардың білек сыбана жұмыс істеуіне түрткі болмақ.

“Қазіргі таңда орын алған қылмысты тіркету де оңайға соқпайды. Оған себеп, прокуратура аталған арыздарды сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіміне қоспайды. Ал мұндай жағдайда тек резонанс туғызу қажет. Себебі орын алған қылмысты тіркемей, бизнес көзіне айналдырып алған құзырлы органдар бар. Дәл осы Шерзаттың ісінде де оқиға орын алған күні оны көріп тұрған азаматтардың қылмыстық жауапкершілігі қозғалмаған болатын. Тек резонанс орын алғаннан кейін ғана аталған азаматтар ҚР ҚК-нің 434-бабы (Қылмыс туралы хабарламау) бойынша жауапкершілігі қаралды”, - дейді ол.

Заңгер резонанс тудырған істе жазықсыз адамдардың жауапкершілікке тартылылып кетпеуі де маңызды екенін жеткізді.

“Дәл осы қайғыла оқиғада екі әйелдің шын мәнінде кінәсінің бар-жоғын ашып көрсету қажет. Ата-анасының көзінше жас баланы аяусыз ұрып-соққан күдіктілер заң тұрғысынан қаншалықты әділ жазасын алатыны да осы ашық сот отырысында мәлім болады. Олардың іс әрекетіне әділ сот қана баға береді”, - деп қосты ол.

Заңгер де Шерзаттың ісі ҚР Бас Прокурорының тікелей бақылауында екенін еске салды.

“Бұл істі он күннен кейін ҚР Бас Прокуроры бақылауына алып, тиісті қадағалау жүргізбегені үшін Алматы облысының прокурорын қызметінен босатты. Қазіргі уақытта аталған іс бойынша тергеп-тексеру арнайы құрылған жедел тергеу тобына тапсырылған. Қылмыс жасаған тұлғалардың барлығы қоғамнан оқшауланып, қамауға алынды. Сол себепті тергеу амалдарына қандай да бір жолмен қысым жасаудың қажеті жоқ деп білемін”, - дейді заңгер.

Айтуынша, Шерзат Болаттың өліміне қатысты резонансқа тек оқиға куәгерлері ғана емес, заңсыздыққа жол берген жергілікті құзырлы органдар да жауапты.

“Біріншіден, қылмыстың орын алуына жергілікті құзырлы орган қызметкерлері кінәлі. Бұл жерде жергілікті полиция, учаскілік инспектор жұмыс істемеген. Түнгі уақытта дүкенде алкогольді ішімдік сатуға кім рұқсат берді? Шерзаттың әкесі түнгі уақытта ішімдік сатуға болмайтынын біле тұра сатқаны заңсыз екенін білмеді емес, білді. Заңға бағынбауының соңы осындай қылмысқа әкелуі мүмкін екенін әрбір қазақстандық түсінуі керек. Бұл еліміздің басқа да өңірлеріндегі құзырлы органдарға сабақ болуы керек”, - дейді ол.

Заңгер ел шулап жатқан “Хутор” бандасына қатысты да ойын ортаға салды. Оның пікірінше, елде қылмыстық топтарға қарсы күрес осал әрі халық олар туралы білсе де ауыз ашуға тартынады.

“Мұндай ұйымдасқан топтар өңіріміздің барлық жерінде бар. Алайда оны халық ашып айтуға қорқады. Бұндай топтардың осы күнге дейін болуы, ол біздің ІІМ тарапынан, нақты айтқанда  Ұйымдасқан қылмыстық топқа қарсы күрес департаменті, басқармалары тарапынан жұмыстың тиісті деңгейде жүргізілмейтіндігінде. Тіпті, бір-бірімен сыбайласып кеткен деп те ашық айта аламын”, - деп сөзін түйіндеді заңгер.

Еске салайық, бұған дейін Талғарда жаппай төбелес болып, салдарынан 16 жастағы жасөспірім көз жұмды. Жанжал жігіттің отбасы жалға алатын дүкеннен басталған. Туыстарының айтуынша, сауда нүктесіне келген сатып алушы сыра алып, ақшасын төлеуден бас тартқан. Осы жағдайдан кейін төбелес басталған.

Кәмелетке толмаған баланы өлтіру фактісі бойынша Алматы облысының полиция департаменті қылмыстық іс қозғады.

Қазіргі таңда кінәлі деп танылған 7 адам ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынған.

15 қазанда Ішкі істер вице-министрі тағы үш күдіктіні ұстағанын мәлім етті.

Ал 18 қазанда тағы бір күдіктіні қолға түсірді.

Сонымен қатар, Алматы облыстық полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы Шалқаров төбелестен кейін қанша қару тәркіленгенін айтты.

Одан кейін Шерзаттың үйіне күзет қойылды.

Көп ұзамай марқұм Шерзаттың үйі өртенді.


Рекомендовать
Последние новости