Бізге қызығып, орыстар латынға көшіп кетпесін

Dalanews 15 окт. 2017 02:49 1021

Латынға көшуді қолдаймын! Қазір елімізде екі-үш сөйлемнің басын құрай алатынның бәрі латынға көшуді қолдайтындарын білдіріп мақала жазудан жарыс жүріп жатқандай...



Бұл істі науқаншылдыққа айналдырғанымыз соншалықты, таяуда ауылға барғанымда орта мектепті зорға бітірген, мына дүниеде қандай өзгеріс болып жатса да, қамсыз, мұңсыз қалпынан айнымайтын досым Әлкембай:

– Сен жоғары жақта жүрсің ғой (мына сөзі ұнап қалды). Жұрт латынға көшеміз деп дүрлігіп жатыр. Енді бәріміз ағылшынша сөйлейміз бе? Мектепте он жыл оқып, орысшаны қатырмап едім. Енді жұрттың бәрі ағылшыншаға ауысып кетсе, тағы да сорлап қалайын деп тұрған сияқтымын ғой. Осы мен білетін қазақшаға қашан көшеміз? – деп уайымын айтқанда6 қарқылдап күліп жібердім. Досыма:

– Қорықпа, тіліміз сол "қазақ-орыс" күйінде қала береді. Тек қана әріптеріміз өзгереді. Енді атыңды Әлкембай деп емес, "Alkembay" деп жазасың, Болған-біткені осы, – деп досымның үрейін сейілтуге тырыстым. Бірақ Әлкембай досым үшін бұл реформа қиын тиетінін кіржиген қабағынан анық байқадым.

Иә, мен де Қазақстанның латын әліпбиіне көшуін қолдайтын көп қазақстандықтардың (осылай айтсақ анығырақ болар еді) бірімін. Мұндай реформаны ел болып қолдаудың мәні зор екенін де түсінемін. Бірақ біздің халықтың саяси белсенділігі мұндай жоғары деңгейге көтерілгенін бұрын-соңды байқамаппын.
Мұғалім, дәрігер, полиция, Ассамблея мүшесі, кәсіпкер, тракторист, қоғам белсенділері, бәрі-бәрі еліміздің латын әліпбиіне көшуін қолдайтындарын білдіріп, газет-журнал, әлеуметтік желі, сайттарға көлдей-көлдей мақала жазып жатыр. Осыдан кейін қазақстандықтардың тең жартысын тіл маманы ма деп қалдым.

Биліктің бастамасын қолдауда алдына қара салдырмайтын Мырзатай Жолдасбеков ағамыздың өзі "Латынға көшуіміз керек. Бұл бірақ қазақтың кешегі көктемде жайлауға көшіп, күзде киіз үйін жинап, қайта қыстауға көшетіндей нәрсе емес", –  деп қалың қолдаушылардың аптығын басуға тырысқанын байқағанымда таңқалғанымды жасырып қайтейін.

Рас, латын әліпбине көшу еліміз үшін керек. Тіпті, бұл іске халықтың қолдауы ауадай қажет екенін де түсінемін. Бірақ латын әліпбиіне көшудің маңыздылығы жайында мұғалімдер мен әскери адамдарға мақала жазғызудың не қажеті бар? Бұл іспен мамандар айналысуы керек емес пе?

Қазақстандағы латын әліпбиіне қатысты қолдауларды іргедегі көршіміз орыстар оқып, бізге қызығып, өздерінің кирилшесінен бас тартып, латынға көшіп кетіп жүрмесін. Байқап, қолдайықшы.

 

Нұрлан Жұмахан, блогер, журналист

 

https://dalanews.kz/29038

Рекомендовать
Последние новости