"Бізден неге сұрамайды?". Ұстаз Білім министрлігінің жаңа реформасын сынады

Dalanews 04 дек. 2019 07:15 867

"Еліміздегі ең көп «реформаланған» сала, ол – білім саласы. Осы көп «реформалардың» бірде-бірі білім саласына оң нәтиже берген жоқ. Неге? Себебі, бұл реформаларға мұғалімдер қатыстырылмады", – дейді ұстаз Нұрғали Махан. Жоғары санатты педагогтің Абай порталында жарияланған мақаласын ықшамдап ұсындық.

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовке қарата саладағы сауатсыз реформаларды сынға алған ұстаз: "Реформа жасарда министрлік мұғалімдердің пікірін сұраған" жоқ дейді. 

"Екіншіден, ғылыми тұрғыда зерттеліп, сарапталмаған осы «реформаларды» жүзеге асыруда технологиялық мүмкіншіліктеріміз ескерілмеді. 

Үшіншіден, реформаны жүзеге асыратын ең басты тұлға мұғалімнің де, оқушының да ұлттық менталитеті мен психологиялық ерекшеліктері ескерілмеді.

Төртіншіден, бұл білім реформалары оқушыға білім беру тұрғысынан келгенде қалыптасқан оқу жүйесінен әлде қайда төмен еді. Ал, реформалар сол саланы жаңартып,үздік нәтижелерге қол жеткізу үшін жасалады емес пе?!", – дейді ұстаз.


Оның айтуынша білім саласы биліктің тәжірибе алаңына айналған. Біздегі барлық білім реформаларының авторы біреу. Ол – билік.

Бұл ретте педагог «Жаңартылған оқу бағдарламасы» атты соңғы білім реформасына қатысты көзқарасын ортаға салыпты.

«Жаңа оқу жылын әлемдік білім стандартына негізделіп жасалынған «Жаңартылған оқу бағдарламасымен бастаймыз»,– деп ұрандатып басталған жаңа оқу жылы мен үшін сергелдеңмен басталды.

Сергелдең себебі, «Жаңа оқу бағдарламасына» сәйкес жаңаша оқуды былтыр бір жыл оқыған 8-сынып пен «Жаңартылған оқу бағдарламасын» биыл бастаған 10-сыныптың маған тапсырылуы еді.

Бұрын сабақ бермеген сыныбына мұғалімнің сынай қарайтын әдетімен, сыныптың білім деңгейін тексеру мақсатында, мен де сыныптан түрлі пішімде ауызша және жазбаша түрде сынақ алуға кірістім. Бұрынғы оқу бағдарламасы бойынша, тіл білімінен 5-сынып «Фонетика», 6-сынып «Лексика», 7-сынып «Морфология», 8-сынып «Синтаксис» бөлімдерін оқитын. 5-7-сыныптарда өткен тақырыптарды ауызша сұрай бастадым. Оқушылардың жауабы мен ойын жеткізіп сөйлей алмауы көңіліме қонбады.

Содан соң граматикадан жазбаша сынақ алдым. Сынақ сұрақтары бастауыш сынып пен 5-6- сыныптарға арналған «Әріп, дыбыс, дыбыстың түрлері, буын, тасымал дегеніміз не?» деген секілді өте жеңіл сұрақтар.

Жазбаша жазылған грамматикалық сынақ жұмысының нәтижесінде сынақ жазған 22 оқушыдан екі оқушы «4», алты оқушы «3», он төрт оқушы «2» деген баға алды. «5» жоқ. Бұл нәтиже мені есеңгіретіп жіберді.


Ширек ғасырға жуық педогогикалық жұмыс өтілім барысында түрлі деңгейдегі сыныптардан сынақ алып жүрміз ғой. Бірақ, сыныптың тең жартысынан астамы екі деген баға алуы мүмкін емес жағдай. Өз көзіме өзім сенбедім. Келесі сабақта дәл осы сегізінші сыныптан жазбаша диктант алдым. Жеңіл түрде, жеңіл тақырыптан алайын деп шештім. Диктант алтыншы сыныпқа арналған. Жазып отырған - сегізінші сынып. Диктанттар жинағының авторы - А.Есенқұлова. Оңтүстік Қазақстан педагог кадрларының білім жетілдіру институттары ұсынған. Диктант жазған оқушылар саны 21. Оның ішінде екі оқушы «4», бес оқушы «3», он төрт оқушы «2» деген баға алды. «5» жоқ.

Байқаған адамға грамматикадан жазған жазбаша жұмыстың нәтижесі қайталанып тұр. Ұзақ жылға созылған педагогикалық жұмыс барысында түрлі жағдайларды көрген мені бір нәрсемен таңқалдыру қиын. Бірақ, дәл осы жағдайдың мені таңқалдырғаны соншалық, ашық күнде төбемнен жай түскендей болды.

Бір сыныптағы 20-25 оқушының ары кеткенде бес-алтауы үлгермеуші болуы мүмкін. Ал бір сыныптағы 21 оқушының жартысынан астам 14 оқушысы үлгермеуші болуы мүмкін емес. Сонда бұған кім кінәлі?


Бәрінен бұрын оқушыларды, сол оқушы балалардың ертеңінен үміт күтіп отырған ата-ананы аядым. Сонша сауатсыз болып қарғысқа ұшырайтындай (мына «Жаһандану» заманында сауатсыз һәм білімсіз болуды мен қарғысқа ұшырау деп есептеймін) періштедей пәк бүлдіршіндердің күнәсі не еді? Олардың обалы кімге?

Бұлар неге сонша сауатсыз? деп бұрынғы пән мұғалімінен сұрасам ол:  «Оқушы сауатсыз болмағанда қайтеді, қазіргі жаңа оқу бағдарламасы бойынша Қазақ тілі пәнінен грамматиканы басты орынға шығарып, грамматикалық заңдылықтарлы тереңдете оқу деген жоқ.

Қазақ тілі пәнінің орнына география ма, әлде биология ма, басқа пәнді оқытып отырған секілдісің. Диктант жазу деген атымен жоқ. Балаға екі қою былай тұрсын, мынауың қате деп, қатесін түзеп айтуға да болмайды»,деп соны да білмейсіз бе, артта қалып кетіпсіз ғой, дегендей жақтырмаған көзбен қарады.

Білім министрлігі орта білімнің басты мақсатынан бейхабар


«Жаңартылған білім бағдарламасын» жатырқап, қабылдай алмай тұрғаны көзінен көрініп тұр. Сонда, қазақ тілі пәнінде диктант жаздырмайтын, қазақ тіл грамматикасын тереңдетіп оқытпайтын бұл қандай «Жаңартылған оқу бағдарламасы?» деп аң-таң болдым", – деп ойындағасын бүкпей жеткізген ұстаз Білім министрлігі орта білімнің басты мақсатын білмейді дейді. 

Оның айтуынша орта мектап бағдарламасындағы қазақ тілінің ең негізгі міндеті – оқушыны сөйлеу мәдениетіне үйрете отырып, ойын сауатты түрде, жазбаша жеткізе алуы үшін қазақ тілі грамматикасын оқушыға тереңнен меңгерту.

Жаңа оқу бағдарламасы бойынша 8-сыныпқа арналған Қазақ тілі оқулығын сүзгіден өткізген ұстаз кітаптағы қателіктен аяқ алып жүре алмапты. 


"Осындай абыройлы да аса жауапты міндетті «Жаңа оқу бағдарламасы» қалай орындады екен? Дәл осындай оймен жаңа оқу бағдарламасы бойынша 8-сыныпқа арналған Қазақ тілі оқулығын қолымызға алдық.

256 беттен тұратын үлкен сары кітап екен. Бірінші беттегі басты парағында (титульный лист) Қазақ тілі: жалпы білім беретін мектептің 8-сыныбына арналған оқулық. / Ермекова Т.Н., Ерхожина Ш.Л, Тоқбаева А.Е. - Астана: «Арман-ПВ» баспасы, 2018 - деген жазуы бар.

Мамандығымыз болғандықтан қазақ тілінің грамматикасын бір кісідей білеміз деп ойлаушы едік. Бірақ, мына кітаптың басты парағындағы «Қазақ тілі» деген сөзден кейінгі қос нүкте мен авторлық ұжымның алдына қойылған жақша болмаса жантая орналасқан сызықша мен «Астана» деген сөздің алдынан қойылған сызықша және соңынан қойылған қос нүктені – авторлық ұжым қазақ тілінің қандай грамматикалық заңдылықтарына сәйкес қойғанына еш түсінбедік.

Біз білетін грамматикалық заңдылықта, кітаптың басты бетінде кітаптың шыққан жылы жазылып үтір қойылады, баспа атауы тырнақшаға алынып, содан соң кітаптың шыққан жылы жазылады. Ешқандай жақша, сызықша, қос нүкте қойылуға тиісті емес.

Басты парағынан бастап қатесі бар ол қандай оқулықтар? Кім сенеді мұндай оқулыққа? Әлде, қазақ тілі грамматика заңдылықтарына өзгеріс енді ме?

Егер, Тіл білімінің грамматикалық заңдылықтарына өзгертулер енсе, оны ең алдымен бізге, мектеп мұғалімдеріне түсіндіру керек емес пе?

Себебі еліміздің болашағы жас ұрпаққа қазақ тілінің грамматикасы мен ауызша дұрыс сөйлей білуді оқытып, үйретіп жатқан мына біз, қарапайым мектеп мұғалімдері.


Міне, осы мектеп мұғалімдері өздерінің мамандығына байланысты болып жатқан өзгерістер туралы еш нәрсе білмейді. Олармен ешкім ақылдасып, санаспайды да. Мұғалімдермен ақылдаспай жасалынған білім саласындағы түрлі «реформалар» соның айқын дәлелі.

Осы «реформалар» мысалынан-ақ, мектеп мұғалімдеріне жоғарыдағылардың менсінбей, астамшылықпен қарайтын өктем көзқарасы айқын сезіліп тұр", – дейді педагог.

"Жаңартылған оқу бағдарламасының" 5 кемшілігі


Осы орайда ұстаз «Жаңартылған оқу бағдарламасы» бойынша 5-10-сынып аралығындағы "Қазақ тілі" оқулығының олқы тұстарын тізіп шыққан екен. 

1. 5-10-сынып аралығындағы қазақ тілі оқулығында Тіл білімінің грамматикасын бар деп те, жоқ деп те айта алмайсыз. Себебі, «Жаңартылған бағдарлама» бойынша жазылған қазақ тілі оқулықтарында белгілі ғылыми жүйе жоқ. Мысалы: қазақ тілінің «Фонетика», «Лексика» бөлімдері 5-сыныпта да, 8-сыныпта да берілген. 5-сыныптың Қазақ тілі оқулығында тіл білімінің салалары «Фонетиканың» да, «Лексиканың» да, «Морфологияның» да басын бір жерге қосып, қойыртпақ быламық жасап жіберген. Тіл білімінің күрделі үш саласын 5-сынып оқушылары қалай бірден меңгермек?

2. Оқулықтар ғылыми негізде жазылмаған. Мектеп оқушылары тіл білімінің «Фонетика», «Лексика», «Морфология», «Синтаксис», «Стилистика» секілді салаларын жеке-жеке бір-бірімен араластырмай, мектеп оқушыларының жас ерекшелігі мен олардың жеке тұлға ретінде қалыптасу психологиясын ескере отырып, жеңілден күрделіге қарай кезегін бұзбай оқыту керек.

3. Қазақ тілі оқулықтарындағы грамматикалық ережелер мен анықтамалар ғылыми тілде жазылмаған. Мысалы: Бастауыш атау септігінде тұрып, іс-оқиғаның иесін білдіреді. Кім? Не? Кімдер? Нелер? Кімім? Нем? деген сұрақтарға жауап береді, деп, өте қарабайыр тілде жазылған (8-сынып. Қазақ тілі,124-бет) Мысал үшін: Сөйлемде атау септігінде тұрып, ойдың кім, не жайында екенін білдіріп, бастауышпен қиыса байланысатын тұрлаулы мүшені бастауыш деп атаймыз. Сұрақтары: Кім? Не? Кімдер? Нелер? Кімі? Несі?, деп жазса, ғылыми тілде жазылған грамматикалық ереже, оқушыға әлдеқайда түсінікті болар еді. Біз оқушыларға ғылыми тұжырым мен ғылыми тілде сөйлеуді мектеп қабырғасынан бастап үйретуіміз керек.

4. Оқулық жазуда оқушылардың жас ерекшеліктері ескерілмеген. Мысал үшін: Жоғарғы сынып оқушыларына өте ауыр «Автор сөзі, Төл сөз, Төлеу сөз және олардың тыныс белгілері», секілді күрделі тақырыптар 5-сынып оқу бағдарламасына кіріктірілген. Бұл тақырып 5-сынып оқушысы үшін өте ауыр. Дәл осы тақырыпты 8-9-сынып оқушыларының өзі үлкен қиыншылықпен меңгереді.

5. Қазақ тілін және оның грамматикасын басқа ғылым түрлерімен бірге меңгертеміз, деген ой ұстанымда болған авторлық ұжым, оқулыққа басқа пәндердің тақырыптарын енгізу арқылы оқушылар ойын негізгі қазақ тілі пәнінен мүлдем басқа жаққа бұрып жіберген. Нәтижесінде сынып оқушыларына қазақ тілі грамматикасы екінші, үшінші кезектегі мәселе секілді болып көрініп қалған.

"Соңғы жазылған 5-10-сынып аралығындағы оқулықтарды зерделей отырып, қазіргі оқушылардың білімсіз де сауатсыз болуына себепкерді таптым. Ол –  «Жаңартылған оқу бағдарламасы» бойынша жазылған Қазақ тілі оқулықтары!", – дейді педагог. 

Оның пікірінше «Жаңартылған оқу бағдарламасы» бойынша оқытылатын "Қазақ әдебиетінің" де халі мүшкіл. Аталған пәндерді ғылым ретінде оқытуды мақсат тұтпаған авторлық ұжымның кесірінен қос оқулық та түкке алғысыз, жарамсыз болып қалған. 

"Жаңартылған оқу бағдарламасы" бойынша жазылған 5-10-сынып аралығындағы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқулықтары,пән мұғалімдерін былай қойғанда, мектеп оқушыларының қарапайым сұранысына жауап бере алмайды.

Біз, мектеп мұғалімдері ешкімнен жаңартылған оқулық сұрағанымыз жоқ. 


Сондықтан да мемлекет қаржысын бостан-босқа шаша бермей, ғылыми негізде жазылған бұрынғы қазақ тілі мен қазақ әдебиеті оқулығын қайтарып берулеріңізді талап етеміз!

Біз сөз басында жас ұрпақтың сауатсыз болуына сапасы төмен Қазақ тілі оқулығы кінәлі десек те,шын мәнінде оқушылардың білімсіз де сауатсыз болуының негізгі себепкері біреу, ол «Жаңартылған оқу бағдарламасы", – дейді мұғалім.

"Жаңартылған оқу бағдарламасы" бастауын қайда алады?


Ұстаздың айтуынша бұл Қазақстан мұғалімдеріне «Кембридждік тәсіл» деген атаумен белгілі – «Блумм таксономиясы».

Американдық ғалым Блумның оқу жүйесі бойынша, сабақты мұғалім емес, оқушылар ойын түрінде бір-біріне өздері түсіндіруі керек. Ал, енді жаңа сабақ өткізгіңіз келсе, жақсы оқитын оқушыларға жаңа сабақты алдын ала тапсырма ретінде үйге беріп жібересіз. Сабақты үйде дайындап келген оқушылар, жаңа сабақты да ойын түрінде бір-біріне өздері түсіндіреді. Оқушыға екі деген баға қоюға және оның қатесін түзеуге болмайды. Шығарма, диктант жазуға рұқсат жоқ. Мұғалім оқушыға: «Сенікі дұрыс» деген сөзден бастап, өз пікірін содан соң айтуға құқылы. Оқушы өз білімін өзі бағалайды.

"Шығарма және диктант жаздырмайтын, оқушы өз білімін өзі бағалап, жаңа сабақты оқушылар ойын түрінде бір-біріне  өздері түсіндірсе, онда мұғалімнің керегі не?", – дейді ұстаз.

Оның айтуынша оқушылар өздерін-өздері оқытатын болса, олардың белгілі бір зат немесе құбылыс туралы тереңдеп ойлануы, айналасы мен қоғамы туралы ой жинақтауы, сөйлеу қабілеті дамымайды.

Жаңа сабақты дайындалып келіп түсіндіретін оқушы қанша жерден дарынды болса да, ол жоғарғы білімді, көзқарасы қалыптасқан жеке тұлға, кәсіби маман емес. Сондықтан да ойын элементтері арқылы оқушылардың жаңа сабақты бір-біріне өздері түсіндіруі, олардың жаңа тақырыпты терең түсінуіне мүмкіншілік бермейді.

ҰМЖ және ҚМЖ


"Жаңа оқу бағдарламасы» бойынша оқу жоспары ҰМЖ (ұзақ мерзімді жоспар) және ҚМЖ (қысқы мерзімді жоспар) болып екіге бөлінген.

"Мұғалімдер Оқу министрлігі бекіткен оқу стандартына сай ҰМЖ-ны яғни ұзақ мерзімді оқу жоспарын сағат санына ыңғайлап, мұғалімнің өзі түзгені – құптарлық іс.

Ал, ҚМЖ-ы туралы айтсам мен де жылаймын, сіз де жылайсыз, күллі мұғалім жылап, жынды болуға айналды.


Өзім танитын бірнеше мұғалімнің психикалық дағдарыстан бұрынғы науқастары қозып, жедел түрде ауруханаға түскендері де бар.

ҚМЖ деген қысқа мерзімді оқу жоспары болса, бұрын да сабақ жоспарын жазып жүрген мұғалімге оның несі қиын дерсіз. Қиындығы сол, бұл – белгілі формада, өзіндік формуламен жазылатын оқу жоспары.

Әуелі сабақ мақсаты, одан оқу мақсаты, белсенді оқыту әдістері, саралау әдістері мен критериалды бағалау түрлері және сабақтың ықпалы туралы қорытындылар, қабілетіне қарай топқа бөлінген оқушылар не үйренді т.с.с.

Қысқасы қандай қимыл жасап, не істедіңіз – бәрін-бәрін хаттап жазып отыруыңыз керек.


Және барлығы да өз кезегімен. Тура бір кроссворд шешіп отырғандай боласыз. Осындай жағдайда жазылып, компьютерге басылған ҚМЖ үш-төрт парақ жазу болады. Он сегіз сағаты бар мұғалім күніне үш-төрт сағат сабақ береді. Әр сыныптың деңгейі әртүрлі. Сондықтанда ол әр сыныпқа жеке-жеке ҚМЖ жазу керек. Ойланып, ақыл тезіне салып көріңіздерші.

Он сегіз сағаты бар мұғалім күніне үш-төрт сағат сабақ беріп, әр сабаққа үш-төрт парақ ҚМЖ жазса, ол орта есеппен күніне 10 парақ, аптасына 50 парақ, айына 200 парақ, бір оқу жылында 1600 парақ жазу жазады екен. 1600 «А-4» парағын екіге бүктесек 3200 бет шығады. 3200 бетті 300 беттен кітап етіп түптесек, бір мұғалім бір жылда орта есеппен 300 беттік 10 том кітап жазады!", – дейді ашынған ұстаз.

Оның пікірінше қазіргі мектептегі қағазбастылық бұрынғымен салыстырғанда миллион есе өсті!


Ал қазіргі таңдағы мұғалімдердің білім жетілдіру курстары мұғалімдерге тек қана ҚМЖ, ҰМЖ, ТЖБ, БЖБ-ны жазуға ғана үйретеді. Бір ҚМЖ жазуға бір сағаттай уақыт кетеді екен.

"Мұғалім күніне үш-төрт сағат бойы тек қана ҚМЖ жазса, сонда ол қай кезде қосымша әдебиеттер оқып, кәсіби тұрғыда өзін-өзі жетілдіреді? Қазіргі мұғалімдерді кітап оқымайды дейміз. Оған олардың уақыты жоқ. Мектеп әкімшілігі оқу стандартына сәйкес мұғалімдерден ҰМЖ, ҚМЖ талап етуде.

Осындай жағдайда мектеп оқушыларынан қандай сапалы білім күтуге болады?! Қазіргі мектепте тірлігі түзу, жүйкесі бүтін бір мұғалім жоқ. ҚМЖ жазу мұғалімдерді жүйке ауруларына шалдықтырып, жынды етіп бітіретін түрі бар", – дейді ұстаз. 

Педагогтың пікірінше ҚМЖ жазуға мәжбүрлеу ұстаздың құқық аяққа таптау. 

"Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні қазіргі білім саласындағы шешімін таппай тұрған өзекті мәселелердің барлығының түп-тамыры – бітпейтін білім реформасында жатыр. Оқушыға сапалы білім бермейтін, білім саласына да ешқандай пайдасы жоқ «Жаңартылған оқу бағдарламасы» атты соңғы білім реформасы кімге қажет болды?.., – дейді ұстаз. 

 

“Қала мен Дала” газетіне жазылу жүріп жатыр.

Газеттің жазылу индексі: 64 607

Анықтама үшін: 8 (707) 403 12 60

Өтірік сөйлемейтін, өткір жазатын басылымның оқырманы болыңыз!



 

 

 

 

 

 

Рекомендовать
Последние новости