#BizBirgemiz: Шығыс Қазақстанда 12 мың адамның есеп-шотына 50 мың теңге түсті

Dalanews 15 апр. 2020 00:56 772

Тұңғыш Президент бастамасымен құрылған Birgemiz қоры Өскемен мен Семей қаласының әлеуметтік көмекке мұқтаж тұрғындарына 50 мың теңге көлемінде көмек көрсетті деп хабарлайды Dalanews.kz. 


Осылайша Шығыс Қазақстан облысының қос қаласындағы көмекке мұқтаж жандарға 620 млн теңгенің көмегі көрсетілді.


Өз кезегінде  Nur Otan партиясы ШҚО филиалы төрағасының орынбасары Олег Чугунков Birgemiz шарасы аясында көмекке екі қаладағы тұрмысы төмен азаматтар ие болғанын алға тартты.


Олардың арасында көпбалалы және аз қамтылған отбасылар мен айрықша күтімді қажетсінетін балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар бар. Сонымен қатар мүгедектер мен зейнет жасындағы адамдар, жетімдер, Ұлы Отан соғысының ардагерлері, тыл еңбеккерлері де қаржылай көмекке алды.


Өскеменде 50 мың теңге ақшалай көмекті 5005 адам алса, Семейде дәл осындай көмекке 7414 адам қол жеткізген.


Қаржылай көмек екінші деңгейлі банктер арқылы мұқтаж жандардың жеке карталары мен есепшоттарына аударылған.


Осы ретте Birgemiz шарасы аясында көрсетілген қаржылай көмектен банктер комиссия ұстамады. Көмекке мұқтаж жандардың банктер алдында қандайда бір несиелік берешегі болса да, Nur Otan партиясы көрсеткен қолдаудан бір тиында алынбағанын айта кетуіміз керек.


Өскемен қаласының тұрғыны Маржан Бадығанова ұялы телефонынан «Сіздің есеп-шотыңызға 50 мың теңге түсті. #BizBirgemiz #МыВместе #Елбасы #Nur Otan» деген хабарлама түскенде қатты қуанғанын алға тартты.


– Менің төрт балам бар. Қазір бала күтімімен үйде отырмын. Қалада індетке қарсы шектеу шаралары енгізілгелі бері отағасы да жұмыссыз қалды. Сондықтан Birgemiz акцисы аясында бөлінген бұл көмектің отбасымыз үшін маңызы зор деп есептеймін. Сол себепті осындай қиын кезеңде біздің қамымызды ойлаған Елбасы мен Nur Otan партиясына алғыс айтамын! – деп көпбалалы ана өзінің ризашылығын жеткізді.


Дәл осындай көмекке қала іргесінде тұратын Наталья Бахватдинова да қол жеткізіп, Елбасына алғысын айтып қалуға тырысты. Кәмелеттік жасқа толмаған 4 баланың анасы жақында жолдасынан айырылған,  Өскемендегі карантинге байланысты, уақытша жұмыссыз қалғанын да жасырмады.


– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастмасына дер кезінде үн қосып, халыққа қолдау көрсеткен Nur Otan партиясының белсенділеріне айрықша алғыс айтқым келеді. Осындай қиын кезеңде біз сияқты отбасыларды қолдаусыз қалдырмай, көмек көрсеткендеріңізге рахмет! – деді көпбалалы ана.


Рекомендовать
Последние новости