Біртановтың үйқамақ мерзімі ұзарды

Dalanews 23 февр. 2021 07:56 841

Бұрынғы Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың адвокаты президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жолдап, экс-министрдің «заңсыз қудалануын» бақылауына алуды өтінді.

Адвокат Дмитрий Куряченконың сөзіне қарағанда, Нұр-Сұлтан қаласының тергеу соты 12 ақпанда Біртановтың үйқамақ мерзімін наурыз айының соңына дейін ұзартқан. Адвокат 22 ақпанда Тоқаевқа үндеу жолдағанын да хабарлаған. «Бірақ үндеуімді оған жеткізбей қоя ма деп қорқамын» деді адвокат агенттікке.

49 жастағы Елжан Біртанов 2017 жылдың қаңтарынан биылғы маусым айының соңына дейін Денсаулық сақтау министрі қызметін атқарған. Ол коронавируспен ауырғандар саны күрт көбейіп, ауруханаларда орын жетпей қалған тұста отставкаға кеткен. Оның орнына Алексей Цой қызметке келді, ал Біртанов ел көзіне түспей кетті.

Былтыр қарашада оның «ірі көлемде қаржы жымқыру» күдігі бойынша ұсталғаны хабарланды. Сол кезде бірқатар жергілікті БАҚ Біртановтың цифрландыруға бөлінген 526 миллион теңге көлемінде (1,2 миллион доллар) қаражатты «иемденді» деп айыпталғанын жазды.


Біртанов ұсталғаннан кейін әлеуметтік желіде оны қолдау акциялары өтті. Қолданушылар биліктен оны босатуды сұраған.

Қаңтар айында сот оның үйқамақ мерзімін 28 ақпанға дейін созған еді.

Біртанов командасында министрдің орынбасары болып жұмыс істеген Олжас Әбішев былтыр тамыздың басында қамалды. Кейінірек бұрынғы вице-министрге ақпараттық жүйелер құру үшін бөлінген 500 млн теңгедей қаражатты жымқырды деген айып тағылғаны белгілі болды.

Қазақстан – ТМД-да коронавирустан ең көп зардап шеккен елдердің бірі. Сарапшылардың көбі бұған жемқорлық, денсаулық сақтау саласындағы ашықтықтың жоқтығы сияқты жайттар себеп болды деген тұжырым жасаған.

 

 

Рекомендовать
Последние новости