Біртанов: "Қаскелеңдегі инфекциялық аурухананы жабамыз"

Dalanews 06 июн. 2018 08:40 765

Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Алматыда өткен баспасөз конференциясы кезінде Қаскелеңдегі инфекциялық аурухананың жағдайына тоқталды.

Ол аталған мекеменің жұмысына көңілі толмайтынын атап өтті. Сондай-ақ, қазіргі уақытта оны жабу туралы ұсыныстың қарастырылып жатқанын мәлімдеді.

“Қаскелең инфекциялық ауруханасының жағдайы нашар. Сондықтан да бұл мекемені жабу мәселесін қарастырамыз, мен бұған қатысты тапсырма бердім. Оның қызметі Қаскелең аудандық орталық ауруханасына жүктеледі. Аса ауыр дертке шалдыққандар Қаскелеңге, Талдықорғанға немесе Алматыға жеткізілетін болады”, – дейді Біртанов.
Бұдан бөлек, министр Тамара Дүйсенованың сынына қатысты жауап берді.

“Біз бір командада жұмыс істейміз, мақсатымыз бір. Бұл орайда бір-бірімізге сұрақ қойып, сын айтып, оған жауап беру – қалыпты нәрсе деп санаймын”, – деп атап өтті Біртанов.

Сондай-ақ, еліміздің бас дәрігері Қазақстанда менингит эпидемиясы жүріп жатқанын жоққа шығарды. Министрдің айтуынша, жыл сайын елімізде аталған дерттің белең алатын кезеңі болады. Ал инфекцияны жұқтырғандар саны осыдан үш жыл бұрын, яғни 2015 жылы көп болыпты.
“Жауапкершіліктен қашпаймыз, біз жауапты орган болып табыламыз. Бірақ бұл біздің сәтсіздігіміз деп ойламаймын. Себебі бұл дерт Қазақстанға тән. Яғни, жыл сайын менингитке шалдыққан адамдар тіркеледі. Осыдан үш жыл бұрын ең көп адам тіркелді. Иә, кемшіліктер бар”, – дейді Біртанов.

Біртанов менингиттен қарапайым гигиена талаптарын сақтау әрі көпшілік жиналатын орындарға бармау арқылы сақтануға болатынын айтты. Министр бетпердің өзін тек қажет жағдайға киген дұрыс деген пікірін білдірді.

Дереккөз: Stan.kz 

Рекомендовать
Последние новости