Амантай қажы өзіне қарсы қозғалған істі “парақорлардың айласы” деп атады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Қоғам белсендісі әуелде оқиға болған жерде болмағанын айтты. Кейінірек ол сол жерде болғанын мойындады.
“Мені құшақтамақ болды, мен қолымды итеріп жібердім. Ол құлап бара жатып, мені ұстайды деп ойлаған. Әйелге тән қулық қой. Ал мен оған көмектеспей, өз шаруаммен кетіп қалдым. Біреу оны сатып алған. Ақша үшін”, – деді Амантай қажы Tengrinews.kz агенттігіне берген сұқбатында.
Айта кетейік, күні кеше Алматыда 83 жастағы Амантай қажыға қатысты қылмыстық іс қозғалды.
Тергеу мәліметінше, ол 76 жастағы әйелді баспалдақтан итеріп жіберген. Салдарынан жәбірленуші жамбасын сындырып, ауруханаға түскен.
Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 107-бабы (“Денсаулыққа қасақана орташа ауырлықтағы зиян келтіру”) бойынша іс қозғалды. Кінәсі дәлелденсе, оған 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.
Еске салайық, “Аттан” антиядролық қозғалысының белсендісі Амантай қажы 76 жастағы әйелді баспалдақтан итеріп жіберді деген күдікке ілінген еді. Жәбірленушінің қызы Раиса Бесқарағаева анасының жағдайына қатты алаңдаулы екенін айтып, оқиғаның мән-жайын баяндады.
“Ол бастапқыда күзетшімен сөйлесіп тұрған. Сол сәтте Амантай қажы келіп, амандасып, ішке өтпек болған. Анам: «Жұма қабыл болсын» деп, жолын беріп, алдымен өткізіп жібереді. Видеоға қарасақ, ол бұрылып, анамды бар күшімен итеріп жібереді. Анам баспалдақтан құлап түсіп, қайта тұра алмады. Ең сорақысы – ол мүлде көмектеспеді, жанына да жақындамады”, – дейді Раиса КТК арнасына берген сұқбатында.
Оның сөзінше, Биғаиша Бектенбаеваның денсаулығына ауыр зақым келген.
“Қос жамбасына темір пластина қойылды. Анамның жасы үлкен болғандықтан, бұл жарақат өте ауыр тиді. Қазір ол мүлде жүре алмайды, төсек тартып жатыр. Жаны қатты қиналып жатыр. Біз жақын арада оңалатынына үміт артып отырмыз. Менің талабым – кінәлі адам жауапқа тартылуы керек. Сау адамды мүгедекке айналдырды. Мұндай адам неліктен қоғамға қауіп төндіріп жүруі тиіс?” – дейді ол.
Қазіргі таңда 83 жастағы Амантай қажы журналистермен байланысқа шықпай, телефон қоңырауларына жауап бермей жүр. Белсендінің үстінен полиция қылмыстық іс қозғады.