Бір топ азамат "батырлар дін үшін соғысты" деген Ғалымжан Құрманбектің үстінен шағым түсірмек

Көркем Алдабергенова 30 июл. 2024 20:02 3158

Бірер күн бұрын әлеуметтік желіде видеосы тараған актер, әзілкеш Ғалымжан Құрманбек «Қарасай батыр, Қабанбай батыр, Бөгенбай батыр жер үшін емес, Ислам діні үшін соғысты» деп айды аспанға бір-ақ шығарған болатын. Әзілкеш атымен жұртқа танылған Ғалымжанның бұл сөздері жұрттың ренішін тудырып, оны айтқан сөздері үшін заң алдында жауап берін талап етіп, ресми шағым түсірмек, - деп хабарлайды Dalanews.kz Democrat.kz ақпараттық порталына сілтеме жасап.

Дәл қазіргі кезде қоғам белсенділері, журналист, заңгер, тарихшы, дінтанушылардан құрылған бір топ азамат ресми шағымды әзірлеу үстінде.

Қазақтың иен даласында қолға ұстар, көзбен көрер нақты дәлел ретінде күні бүгінге дейін жатқан таңбалы тастарды айтпағанда, қазақ жерін қорғағанын айғақтап, мөрі басылып, тарихи тұлға  ретінде танылған Қарасай, Қабанбай, Бөгенбай батырларымыз дін үшін емес, қазақтың даласын қорғау жолында соғысқаны әлемге мәлім.

Өкінішке қарай, діни наным-сенімін ұлттан жоғары қоятын кейбіреулер осыған дейін салт-дәстүрімізді, әдет-ғұрпымызды жоққа шығарғаны аздай, енді мысықтабан жүріспен тарихымызға да ауыз салмақ ниетіне көшкендей.

Мың жерден әлдебір тылсымға сеніп, әлдебір дінге бас ұрсақ та, атадан балаға мұра болып қалған тарихты жоққа шығару — тұтас ұлтқа жасалған қастандық емес пе? Тарихты бұрмалау арқылы Ғалымжан Құрманбектің көздеген мақсаты не?

Видеода қаншама жастың оны тыңдап отырғанын ескерсек, осындай сөздер арқылы жастардың санасынан тарихи шындықты өшіруге әбден болатынын бәріміз білеміз. Олай болса дін өкілінің бұл жолғы мақсаты кімге болса да түсінікті шығар?!


Рекомендовать
Последние новости