Назарбаев бір мәртебесінен айырылды

Көркем Алдабергенова 25 июл. 2024 09:59 21399

Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Ғылым академиясының академигі мәртебесінен айырылды. Бұл туралы бүгін өткен брифингіде Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек айтты, - деп хабарлайды Dalanews.kz Massaget.kz-ке сілтеп. 

Ғылым және жоғары білім министрі академик мәртебесін беру бойынша өзгерістер туралы айтты. Оның айтуынша, қазір Қазақстан Ғылым академиясы "қайта ретке келтіру" кезеңінен өтіп жатыр.

"Қазір бізде РПО (Республикалық қоғамдық бірлестігі) жұмыс істеп жатыр. Былтыр Президент шешімімен жаңадан Ғылым академиясы құрылды. Ол біріншіден, Президент жанында, мемлекет тарапынан қаржыландырылады", - деді министр онлайн брифингіде.

Ведомство басшысының айтуынша, көп академиктің мәртебесі жойылды.

"Ғылым академиясына бірте-бірте мықты ғалымдарды жинаймыз. Бұрын академияда болған адамдардың статусы жойылды. Жаңадан сайланған академиктер - өте мықты, мойындалған ғалымдар. Олар Қазақ нейрохирургия қауымдастығының президенті Серік Ақшолақов, Қазақстандағы репродуктологияның негізін салушылардың бір Вячеслав Локшиі, Назарбаев университетінің профессоры Дурвудхан Сураган, Ядролық физика институтының жетекшісі Максим Здоровец, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, атақты физик Тілекқабыл Рамазанов", - деді министр.

"Бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев енді Ғылым академиясының мүшесі емес пе?" деп сұрады журналистер министрден.

"Дәл солай, қазір Ұлттық ғылым академиясында небәрі 9 мүшесі бар, тізімді береміз", - деді Саясат Нұрбек.

Ашық ақпарат көздерінен алынған мәліметке қарағанда, Қазақстан Ғылым академиясының академигі мәртебесі Назарбаевқа 1995 жылы берілген. Ал 2011 жылы Академия ғимаратында Назарбаевтың қатысуымен ғалымдар форумы өтіп, оған "Ғасыр ғалымы" атағы берілді.


Рекомендовать
Последние новости