“Бір емес, бірнеше рет қорқытты”. Марқұм Шерзаттың әкесі халыққа үндеу жасады

Қаракөз Амантай 10 окт. 2024 10:51 10199

Талғарда бір топ бұзақының қолынан қаза тапқан марқұм Шерзаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

“Құрметті, қазақ елі! Сіздердің алдарыңызда басымды иемін! Мені қолдап, балам үшін қол ұшын беріп жатқандарыңызға көп рақмет! Мен Қонаевтағы Алматы облысының полиция департаментінің ғимаратына келдім. Ол жерде іс оң жағынан қаралып жатыр. Бізге адвокаттар көмектесуде. Марқұм болған Салтанаттың ағасының да (Айтбек Амангелді) көмегі бар. Ол кісіге  де ерекше рақмет! Алғысым шексіз”, - деді ол.

Марқұмның әкесі халықтан көтеріліске шықпауын өтінді.

“Өтінішім бар, халқым. Ешқандай митингіге, қантөгіс болмасын. Мен бар жерде бір шоғырланған адамдар келіп, сол сәтті менің дұшпандарым пайдалануы мүмкін. Көтеріліс жасап, мені аяқтан шалып, бауырыма қастандық жасау үшін сондай болуы мүмкін. Сол себепті халқым өтініп сұраймын, ешқандай көтеріліс емес, өз қағидам: заң аясында дұрыс, әділ шешім сұраймын. Артық ештеңе сұрамаймын. Шыны керек, қандай да бір ақпараттар болып жатса, өзім ғана бөлісемін. Видеожазбаға, аудиожазбаға, суреттер, фотоларға сенбеңіздер. Кім келсе де, қандай жағдай болсын сөйлесе алам, өз басыма жауап бере алам. Ал отбасымның жеке қауіпсіздігі уайымдатады”, - деді Қаржаубай Нұрымов.

Оның сөзінше, күдіктілердің тарапынан бірнеше рет қорқыту болған.

“Мені бір емес, бірнеше рет қорқытты. Алып кетулер болды. Телефонмен де. “Заңгерміз, адвокатпыз, бірге оқып едік” деп келіп, алдап, мені далаға шақырып алып, қорқытулар болғаны рас”, - деді марқұмның әкесі.

Осы тұста ол ашық сотты талап ететінін жеткізді. 

“Халқымнан сұрайтыным – еш қан төгілмесін. Ашық сот болуын талап етем. Ашық сот болса, оң шешім болады. Еш арандатуға түспеңіздерші. Аналар жыламасын, балалардың қаны төгілмесін. Бауырларым, жігіттер, арандамайықшы, алданып қалмайық. Жоғарыдағы ағалар да заң аясында қолға алып жатыр. Ертең Астанадан, ІІМ-нен адам келеді деп айтылды. Сол айтарым. Балам өлді. Енді мен басқа балалардың болашағы жақсы болсын деп тілеймін. Ниетім де, арманым да осы”, - деді ол.

Еске салайық, бұған дейін Талғарда жаппай төбелес болып, салдарынан 16 жастағы жасөспірім көз жұмды. Жанжал жігіттің отбасы жалға алатын дүкеннен басталған. Туыстарының айтуынша, сауда нүктесіне келген сатып алушы сыра алып, ақшасын төлеуден бас тартқан. Осы жағдайдан кейін төбелес басталған.

Кәмелетке толмаған баланы өлтіру фактісі бойынша Алматы облысының полиция департаменті қылмыстық іс қозғады.

Қазіргі таңда кінәлі деп танылған 7 адам ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынған.


Рекомендовать
Последние новости