Былтыр Алматы халқының зәре-құтын қашырған жер сілкінісі ерте хабарланбады. Бұл жайтқа кінәлілер жазаланды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
2024 жылғы 23 қаңтарда Алматыда жер сілкінісі болды. Десе де бұрын сатып алынған, автоматтандырылған алдын ала ескерту жүйесі (ААЕЖ) жұмыс істемей, салдарынан халыққа уақтылы хабарланбады.
"Мемлекет басшысының және Бас прокурордың тапсырмасына сәйкес Алматы прокуратурасы Алматы қаласы бойынша Төтенше жағдайлар департаментінің қызметіндегі осы жүйені сатып алудың заңдылығына тексеріс жүргізді. Тексеріс нәтижесінде бюджет қаражатын жымқыру белгілері анықталып, соталды тергеп-тексеру басталды", - деп жазылған хабарламада.
Тергеу барысында TNS-INTEC ЖШС бас директоры жеке пайда табу ниетімен сапасыз жабдық жеткізіп, орындалған жұмыстарға жалған акт рәсімдегені, осылайша аса ірі мөлшерде бюджет қаражатын жымқырғаны анықталған.
Алматы гарнизонының әскери соты осы іс бойынша үкім шығарды.
Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаменті басшысының үш орынбасары жабдықты қабылдау кезінде немқұрайлық танытқаны үшін, ал авторлық және техникалық қадағалау өкілдері жеткізілген жабдықтың сапасына бақылау жүргізбегені үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Сот айыпталушыларды кінәлі деп танып, оларды бас бостандығынан және мемлекеттік әрі квазимемлекеттік органдарда белгілі бір лауазым атқару құқығынан айырды.
