Астанадан Қостанайға ұшқан ұшақ қайта оралуға мәжбүр болды

Көркем Алдабергенова 03 нояб. 2025 16:32

FlyArystan әуе компаниясының FS7341 рейсі бойынша Астана – Қостанай бағытына ұшқан әуе кемесі Қостанайдағы ауа райының нашарлауына байланысты ұшу әуежайына қайта оралуға мәжбүр болды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Әуе компаниясының баспасөз қызметі хабарлағандай, кейін рейс қардан ұшу-қону жолағын тазалау жұмыстарына байланысты әуежайдың уақытша жабылуына орай да кейінге шегерілді.

«FS7342 Қостанай – Астана рейсі Қостанайға ұшқан әуе кемесінің кеш қайтуына байланысты кешіктірілді. Еске саламыз, FlyArystan рейстері айналымдық жүйе бойынша орындалады, сондықтан бір рейстің кешігуі келесі рейске де әсер етуі мүмкін», - деп мәлімдеді әуе компаниясы.

Астанадан ұшқан ұшақтың кері қайтуы Қостанай – Астана FS7342 бағытының да кешігуіне себеп болды, өйткені FlyArystan компаниясы айналымдық ұшу жүйесімен жұмыс істейді, яғни сол ұшақ Қостанайға қонған соң кері бағытта ұшуы тиіс болған.

«FS7341 рейсінің жолаушыларына сусындар мен ыстық тамақ берілді. FS7342 рейсінің жолаушыларына сұрау бойынша қонақүйде орналастыру мүмкіндігі ұсынылады. FS7341 (Астана – Қостанай) рейсінің ұшуы сағат 17:05-ке, ал FS7342 (Қостанай – Астана) рейсінің ұшуы 18:50-ге жоспарланған», - деп хабарлады әуе компаниясының өкілдері.


Рекомендовать
Последние новости