Қазақстандықтар биылғы ең ірі толған Айды тамашалай алады

Ақтоты Жапатова 03 нояб. 2025 07:30

5 қарашада Жер мен Айдың арақашықтығы ең аз деңгейге — 356 832 шақырымға дейін қысқарады. Бұл күнгі толық Ай — жылдың ең ірі және ең жарық Айы болмақ, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Супер Ай — Айдың толық фазасы оның Жерге барынша жақындау сәтімен тұспа-тұс келген кезде байқалатын құбылыс. Сол себепті Ай аспанда әдеттегіден 7,9% үлкенірек және 16% жарығырақ көрінеді.

Астана уақытымен толық Ай фазасы 5 қараша күні 18:20-да басталады. Ал Ай 6 қараша таңғы 03:30-да Жерге ең жақын қашықтықта — 356 832 км жерде болады. Бұл — 2025 жылдағы ең аз арақашықтық, сондықтан қарашадағы супер Ай астрономиялық тұрғыдан ең әсерлі оқиға болып саналады.

Айды бақылаудың ең қолайлы уақыты — 5 қараша кеші, аспанның шығыс көкжиегінде Ай көтерілген сәт. Кейін ол оңтүстік бағытпен өтіп, таңға қарай батысқа ауысады. Басты шарт — ашық ауа райы. Айдың үлкендігі мен жарықтығы ең айқын байқалатын сәт — оның көкжиектен жаңа көтерілген мезгілі, өйткені ол кезде Айды үйлермен, ағаштармен салыстырып көруге болады.

Биылғы супер Айды астрономдар «Аңшы Ай» деп атайды. Әдетте ол қыркүйек-қазан айларына сәйкес келетін болса, 2025 жылы бұл атақ қарашадағы толық Айға берілген. Мұндай сәйкестік соңғы рет бес жыл бұрын болған және 2028 жылға дейін қайталанбайды.

Жыл сайынғы 12–13 толық Айдың ішінде 3–4-і ғана супер Ай болып есептеледі. 2025 жылы ең ірілері — 5 қарашадағы және 5 желтоқсандағы супер Айлар. Алайда желтоқсандағы Ай қарашадағыдан сәл кішірек болады, себебі ол кезде арақашықтық 129 км-ге ұзарады.

Супер Ай маусымы 2026 жылдың қаңтарына дейін жалғасады, ал соңғысы — 3 қаңтарда байқалмақ.

Астрологтардың айтуынша, супер Ай кезеңі адамдардың эмоциялық күйін күшейтіп, шабыт пен өмірді өзгерткісі келетін көңіл-күй сыйлайды. Бұл уақыт — ескі істерді аяқтап, жаңа бастамаларға жол ашуға таптырмас кезең.


Рекомендовать
Последние новости