Баум тоғайында заңсыз ағаш оталғаннан кейін қауіпсіздік шаралары күшейтілді

Сағыныш Сардарова 03 нояб. 2025 17:36

Алматыдағы Баум тоғайында заңсыз ағаш отау дерегі тіркелгеннен кейін қауіпсіздік шаралары күшейтілді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Баум тоғайы - ерекше қорғалатын табиғи аумақ. Мұнда 104 429 ағаш пен 5 081 бұта өседі, олардың барлығы мемлекеттік орман қорына жатады. Қазір Баум тоғайын сақтау, қалпына келтіру және ұқыпты абаттандыру бойынша кезең-кезеңімен жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Жауаптылардың сөзінше, жоба аясында ағаштарды жаппай кесу көзделмеген.

"Біз ағаштардың тамырына өте ұқыпты қараймыз. Сол себепті цемент-бетон бұйымдарынан, бордюр мен жиектастардан бас тарттық. Жоба аясында бірде-бір ағаш кесілмейді және бүгінге дейін де кесілген жоқ. Керісінше мыңнан аса ағаш отырғызу жоспарланған", - деді Қоғамдық кеңістіктерді дамыту басқармасының басшысы Батырхан Сүлейменов.

25-26 қазанға қараған түні "Медеу" мемлекеттік өңірлік табиғи паркі қызметкерлері бес ағаш (үйеңкі мен акация) заңсыз кесілгенін және он бір ұсақжапырақты қарағаштың діңі араланғанын анықтаған.

Оқиға орнынан екі қол ара мен тағы бір құрылғы табылған. Кезекші инспектор экологиялық полицияға өтініш жолдаған.

"Сараптама нәтижесінде кесілген ағаштар жаңа екені және оларды мереке күндері белгісіз адам отын дайындау мақсатында кескені анықталды. Инвестор мен мердігер ұйымның ағаш кесуге қатысы жоқ және өз тарапынан да экологиялық полицияға өтініш берді. Осындай құқықбұзушылықтардың алдын алу мақсатында тоғай аумағында патруль күшейтіледі, қосымша бейнебақылау камералары орнатылады, сондай-ақ, учаскелік полиция инспекторы түсіндіру және профилактикалық жұмыстар жүргізеді", - деді жауаптылар.


Рекомендовать
Последние новости