Беташар бизнеске айналды

Dalanews 25 окт. 2017 00:51 1174

Беташардың басты мақсаты мен қызығы не? Біріншіден, жас келінге тәлім-тәрбие беру, өлеңмен өнеге дарытып, ғибрат беру. Екіншіден, қадам басқан қайын жұрттың жақын-жанашыр, туған-туыстарын таныстыру, ат тергеуге дайындық. Үшіншіден, келін алған ауылдың жақсылығын асырып, мәртебесін көтеріп, тұлғаларын түгендеп, тектілік қасиетін дәріптеу. Жекелеген жезде, жиендерге ерекше әзіл арнау арқылы келіннің есінде ұмтылмастай қалуға жол ашу.

Бала кезімнен беташардан осы ерекшеліктерді көріп дәстүрдің қасиетін сезініп, әрқашан беташарға баруға асық болып өстім. Өзім де дені әзілден тұратын беташар жазып, бет аштым. Әлі күнге кейбір әзіл өлеңдерді кезіккенде келіндер мен көріп естігендер қызық етіп айтып жүруші еді...

Ал қазір ше? Әуелі той иесі (апамша айтсам, алтын басты адам алатын жақ) және асаба арасында беташарға байланысты саудаласу басталады. Оны ұят санау баяғыда қалған. Сосын кейбір отбасылар қазақта жоқ салтпен екі рет бет аштырады (бірін үйде, бірін мейрамханада). Онысын болмашы сылтаумен түсіндіргісі келеді. Біз өскен ауылда екі рет бет ашпақ түгілі екі бас киімді бірінің үстіне бірін кигізбейтін-ді.

Ал көптеген қандастарымыз тек мейрамханада ашады. Бұл көпшілікке қызық сыйлау болғанымен, арғы жағы, асабаға берер ақшаны үнемдеуге бағытталған бақай қулық жатқаны белгілі. Ойлаңызышы, келін әлдебір тойхана мен мейрамханасына келін боп түсе ме? Бұл қазақы ырымға салсақ – жаман ырым. Өте жаман ырым. Мүмкін, келін боп түсіп келсап боп шошытып, Алладан қорықпай, ата-ананың намысын жерге жығып сұмдық істер жасап, ажырап кетудің бір сыры осында жатқан шығар?

Беташарды кім және қалай ашып жатыр? Жаттанды өлеңмен болса да бет аштырып құтылсаңыз болды деп санайсыз ба?

[caption id="attachment_31459" align="aligncenter" width="650"] Сурет Текестегі біздің қарашаңыраққа түскен келіннің беташар сәті. Жарқын Сәленұлы7[/caption]

Әсіресе бірнеше жүз адамның атын жазып, бірін қалдырмай атауға мәжбүрлейтін той иелерінің көкейін тескен ақша емей немене? Әйтпесе, қазақы салтта келін тек өзінен үлкен және күйеуіне ең жақын туыстарға ғана сәлем салған (көшедегі кез келген өз туысы емес үлкендерге сәлем салу – нағыз текті келіннің ғана қолынан келеді). Ал беташарда күйеуінің достары, іні-қарындастары, ұжымы, тіпті бесіктен белі шықпаған сәбиге де еңкейтеді. Сәлем салдырудың құнын осылай төмендеткендіктен келіндеріміздің дәстүрден жеруі пайда болған жоқ па?

Дұрысы, жақын жамағайынға, ең сыйлы үлкендерге сәлем салдыру орынды (соның өзі қолдан келмей жүр ғой). Қаптаған қалың нөпірдің атын атап көпіргенше, әулеттегілердің жақсы қасиетін жырлап, шынайы (бейәдепсіз) әзілге көбірек көңіл бөлінсе төл өнердің өміршеңдігі артып, негізгі мақсаты орындалар еді.

Жүздеген адамды атап, одан түскен ақшаға құнығу – тамақ құрғатып, қарын ашырып қана қоймай қадірін қашырып, қасиетті дәстүрдің мән-маңызын жояды.

Өз басым, жоғардағыдай беташарға тап болсам тұра қашқым келеді. Сөйтем де, ауылда, қасиетті қара шаңырақта, ақ босағада аңқылдаған ағайынның арасында өтетін шынайы беташарды жиі сағынам...

Жарқын Сәленұлы

 

Рекомендовать
Последние новости