Белсенділер қазақстандықтарды #ЗАКОНСАЛТАНАТ хэштегімен Парламентке хат жазуға шақырды

Сағыныш Сардарова 04 апр. 2024 13:54 3080

Қазақстанда #ЗАКОНСАЛТАНАТ хэштегімен Парламентке хат жазуға үндейтін акция басталды, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Белсенділер әрбір азаматтың дауысы, хаты маңызды екенін айтты.

"Бей-жай қарамаңыздар, сіздердің дауыстарыңыз маңызды! Зорлық-зомбылықты қылмыстық жауапкершілікке тартатын, әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы заң жобасы қабылдануын қолдайық. Сіздің хатыңыз заңнамалық өзгерістерді қабылдауға түрткі болуы әбден мүмкін. Қауіпсіз болашақ үшін бүгіннен бастап әрекет етіңіз!"- деп мәлімдеді "Еркіндік қанаты" қоғамдық өкілдері.

Қазір Сенатта "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы талқыланып жатыр. Яғни отбасылық-тұрмыстық және қоғамдық салалардағы зорлық-зомбылыққа қатысты әрекеттерді қылмыстық жауапкершілікке тарту қарастырылып жатыр.

"Бізде Сенатта сенаторлардың деструктивті топ белсенділерімен кулуарлық және ресми кездесулері өтіп жатқаны туралы ақпарат бар. ...Ұзақ жыл бойы бұл адамдар елдегі жағдайды тұрақсыздандыру бойынша жұмыс жүргізіп келеді және қоғамды дамытуға, адам құқықтарын қорғауға бағытталған заң жобаларын қабылдауға кедергі келтіріп отыр", - дейді қоғам белсенділері.

Бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жазаны қатаңдату мәселесі бойынша өз ұстанымын білдірген болатын.

Қоғам белсенділері 2017 жылы зорлық-зомбылыққа қарсы қылмыстық шара қолданбау тұрмыстық саладағы қылмыс тез өсуіне әкеп соққанына назар аударды. Ал 2023 жылы Салтанат Нүкенова қатыгездікпен өлтірілді, айыпталушы - оның күйеуі Қуандық Бишімбаев. Дәл қазір сот процесі жүріп жатыр, оны бүкіл ел бақылап отыр. Бишімбаевтың тағдыры алқабилер алқасы мен судьяның шешіміне байланысты болып отыр.

Айта кетейік, 27 наурызда экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша алқабилер таңдалған еді. Алқабилер алқасына 12 адам іріктелді: 10 – негізгі құрам, 2 – қосалқы. Содан кейін ашық сот отырыстары басталды.

Сонымен қатар, Қуандық Бишімбаев сотта Салтанат Нүкенованы аса қатыгездікпен өлтіргенін мойындамады. Бұл оқиға 2023 жылы 9 қарашада Астана қаласындағы BAU мейрамханасында болды.

Кешегі сот отырысында Бишімбаев Салтанатты шашынан сүйреп, тепкілеген сұмдық кадрлар көрсетілді.


Рекомендовать
Последние новости