Белгілі саясаттанушы Рудныйдағы көшелерді қазақыландыру мәселесін талдады

Көркем Алдабергенова 25 нояб. 2025 11:34

Қостанай облысының Рудный қаласында екі көшенің атауын өзгерту мәселесі қоғамда үлкен талқы туғызды. Бұл жағдай саясаттанушы Данияр Әшімбаевтың айтуынша, елдегі «өткенді қаралау» дәстүрінің тағы бір көрінісіне айналған, деп хабарлайды Dalanews.kz.

«Мәселе көше атауында емес, тарихқа деген көзқараста»

Саясаттанушының пікірінше, мәселе көшелердің бұрынғы атауында да, ономастика комиссиясы ұсынып отырған жаңа нұсқаларда да емес.

«Бұл - біздің тарихқа деген қарым-қатынасымызға байланысты мәселе. Елде өткенге қарсы соғысуға деген түсініксіз әуестік әлі де бар», - деп жазды ол телеграм арнасында.

Әшімбаевтың айтуынша, Қазақстанда басшы өзгерсе – бұрынғысын міндетті түрде сынау, жаңа кезең басталса – өткенді толығымен жамандау деген. дәстүрге айналған бір әдет бар.

Оның сөзінше, мұндай импульс көбіне биліктің легитимдігін күшейту үшін «жоғарыдан» беріледі. Бірақ сынның тым шектен шығуы қоғамға кері әсер етеді.

«Көбі кезінде мақтап жүріп, кейін аяқ астынан қарсы шығады»

Саясаттанушы мұндай науқаншыл сынның екі үлкен мәселесін атап өтті:

Біріншіден, бұрынғы басшылықтың кезінде еш қарсылық білдірмеген, керісінше мақтап келген адамдар кейін түбегейлі қарсы позицияға өтіп кетеді. Бұл, оның пікірінше, қоғамда сенімсіздік тудырады.

Екіншіден, Кеңес дәуірін де, Тәуелсіздіктің алғашқы кезеңдерін де тек теріс жақтан ғана бағалау - тарихи әділетсіздік.

«Кеңестік кезеңде Қазақстан білім, мәдениет, денсаулық сақтау саласында үлкен жетістікке жетіп, аграрлы-индустриялық республикаға айналды. Бүгінгі инфрақұрылымның басым бөлігі сол кезеңнен қалған. Назарбаев билігі кезінде Қазақстан тәуелсіздік алып, халықаралық аренада мойындалды, нарықтық экономикаға өтті, әлеуметтік және саяси тұрақтылық қалыптасты», - дейді Әшімбаев.

«Өткенді тек жамандай беру - қоғамды күйзеліске әкеледі»

Сарапшының айтуынша, ел халқының едәуір бөлігі өмірінің негізгі бөлігін дәл осы кезеңдерде өткізген. Сондықтан олардың жеке тәжірибесі ресми ақпараттан бөлек болуы заңды.

«Тарихты тек қаралау - қоғамда өз өміріне деген жағымсыз көзқарас қалыптастырады. Бұл қазіргі саясатқа деген сенімсіздікті арттырады», - дейді Әшімбаев.

Оның айтуынша, өткенге қатысты үнемі негатив тарату ностальгияны күшейтеді және билікке ұнамайтын «салыстыру эффектісін» туғызады.

«Тарихты түсінбей - дамуды күту қиын»

Әшімбаевтың пікірінше, өткенді зерттемей, ой елегінен өткізбей жатып тек айыптай беру - ұлттық менталитетке де, мемлекеттік басқаруға да зиян.

«Жиналған тәжірибені талдай алмау - шешім қабылдау сапасына әсер етеді. Қазіргі кезең аяқталған соң дәл осы сын айтушылардың өзі болашақта бүгінгі уақытты жамандауға көшеді. Өйткені бізде дәстүр осындай», - дейді ол.

Еске салайық, Рудныйдағы көшелерді қазақыландыру мәселесі қызу талқыға түскен болатын. 


Рекомендовать
Последние новости