Bek Air ұшағының неліктен апатқа ұшырағаны белгілі болды

Dalanews 10 янв. 2020 10:45 817

Арнайы комиссия тексеру кезінде алдында ұшқан ұшақ қанатынан қалған желді із иірімдеріне қатысты, сол секілді жүк тиеу ережелерінің бұзылғаны туралы дәлелдер таппады, - деді вице-премьер Роман Скляр.




Үкіметтік комиссия Алматы облысында Bek Air әуе компаниясына тиесілі жолаушылар ұшағының құлауының алдын-ала себептерін жариялады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"Екі күнге жуық тұрақта тұрған ұшақтың сыртқы қабатына мұздың қатуы - апаттың басты себебінің нұсқасы ретінде қарастырылады. Иә, басты болжам - ұшаққа мұздың қатуы", - деді вице-премьер, ҚР Индустрия және инфрақұрылымды дамыту вице-министрі Роман Скляр.

- Мұз қатырмас үшін қолданылатын сұйықтықпен ұшақты өңдеу жұмыстары шала жүргізілген, - деп сөзін жалғастырды ол.
"Командирдің шешімі бойынша ұшақтың тек "стабилизатор" қондырғысы ғана бұл сұйықтықпен өңделген, ал ұшақ қанаттары назардан тыс қалған", - деді Скляр.

Ол жүк көлеміне қатысты ешқандай заңбұзушылықтар жоқтығын, сол секілді алдында ұшқан ұшақ қалдырған жел иірімі қайғылы жағдайға себеп ретінде қарастырылмайтынын да баса айтты.
"Жел тұрақты болды, жел жылдамдығының бағыттарына қарасақ, мұндай жағдайда алдында ұшқан ұшақ қанаттары қалдырған із сол жаққа кемінде 5 метр қашықтыққа ауытқитын еді. Оның ұшақтың қиын жағдайға тап болатындай әсері жоқ, - деді Скляр.

- Экипаждың авиациялық техника бойынша жұмыстарына қатысты ешқандай ескертуіміз жоқ. Ұшақ толықтай ұшуға дайын болды, - деп сөзін түйіндеді ол.

Айта кетсек, 2019 жылы 27 желтоқсанда таңғы сағат 07:21-де "Bek Air" әуе компаниясының №Z2100 рейсі, "Алматы – Нұр-Сұлтан" бағыты бойынша ұшып шыққан Fokker-100 ұшағы әуеге көтерілу кезінде төмен құлдилап, бетон қоршауды бұзып өткен. Алматы қаласының Қазаэронавигация баяндамасы бойынша, сағат 07:22-де ұшақтың әуеге көтерілуі кезінде диспетчерлер ұшқындарды байқаған. Радар экранынан ұшақ белгісі жоғалып кеткен. Дабыл қағылған.

Сағат 08:04-те Алматы қаласының Төтенше жағдайлар департаменті ұшу жолағынан 1,8 шақырым қашықтықтағы Алматы облысы Талғар ауданы Гүлдала ауылының шетінде ашық аумақта Fokker-100 ұшағының құлағанын анықтады.

Ұшақ Алматыдан ұшқан кезде әуе кемесінің бортында 98 адам болған, оның ішінде 9-ы – бала және 5-еуі – экипаж мүшелері. Оқыс оқиға салдарынан барлығы 12 адам қаза тапқан, Алматы қаласының түрлі медициналық мекемелеріне 53 адам жеткізілген, оның ішінде 8 адамның жағдайы аса ауыр деп бағаланды.

Осыған қатысты Мемлекет басшысының Жарлығымен арнайы үкіметтік комиссия құрылып, олар тексеру нәтижесін 2020 жылдың 10 қаңтарына дейін жариялауы тиіс делінді.

Рекомендовать
Последние новости