Байжановқа сот үкімі шықты

Сағыныш Сардарова 13 мая 2024 17:16 3032

Әйелін өлтірді деп айыпталған экс-министр Қуандық Бишімбаевқа қатысты істе екінші айыпталушы Бақытжан Байжановқа сот үкімі шықты, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Қуандық Бишімбаевтың туысы Бақытжан Байжанов сот үкімімен 4 жылға бас бостандығынан айырылды. Үкімді судья Айжан Құлбаева жариялады.

Бақытжан Байжанов Қуандық Бишімбаев жасаған аса ауыр қылмысты уәдесіз жасыру бойынша кінәлі деп танылды (Қылмыстық кодекстің 432-бабы).

Сотталушылардың кінәсі жәбірленушінің, куәлардың айғақтарымен, аудио-бейнематериалдармен, сараптамалық қорытындылармен және қылмыстық істің басқа материалдарымен дәлелденді.

"Прокурор Бишімбаевты 24 жылға, Байжановты 4 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Сот отырысында сотталушылар өз кінәларын мойындамады. Сот Қылмыстық кодекстің 53-бабына сәйкес сотталушылар Бишімбаев пен Байжанов үшін кәмелетке толмаған балалары болуын жеңілдететін мән-жайлар деп таныды", - деп жазылған сот мәліметінде.

Айыптау қорытындысына сәйкес Байжановтың қылмыстық жауапкершілігі мен жазасын ауырлататын мән-жайлар анықталмаған.

Жаза мөлшері туралы мәселені судья мен алқабилер Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 656-бабына сәйкес ашық дауыс беру арқылы көпшілік дауысты ескере отырып шешкен.

Алғашында Бақытжан Байжанов Қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша қылмыс жасады деп айыпталды: 432-бап "ауа ауыр қылмысты жасырып қалу" және 434-бап "аса ауыр қылмысты хабарламау".

Айта кетейік, Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық сотында Қуандық Бишімбаевқа қатысты қылмыстық іс бойынша бірнеше сот отырысы өтті. Оны дүйім жұрт Жоғарғы соттың YouTube каналынан онлайн тамашалады.

Азаматтық некедегі әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деген айыппен сотты болған экс-министр Қуандық Бишімбаевты адвокат Лейла Рамазанова, Назкен Құсайынова, Ерлан Ғазымжановтар қорғады.

Ал марқұм Салтанат Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелді мен оның отбасының адвокаттары Жанна Оразбахова мен Әлия Омарова, Игорь Вранчев болды.

27 наурызда экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша алқабилер таңдалған еді. Алқабилер алқасына 12 адам іріктелді: 10 – негізгі құрам, 2 – қосалқы. Содан кейін ашық сот отырыстары басталды.

Бұл оқиға 2023 жылы 9 қарашада Астана қаласындағы BAU мейрамханасында болды.


Рекомендовать
Последние новости