Әлия мен Дариға Томирис болғысы келді ме?

Көркем Алдабергенова 10 мая 2024 11:39 4847

Тарих ғылымдарының докторы, этнограф, профессор Жамбыл Артықбаев тарих Назарбаев кезеңіне қандай баға беретінін айтты, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Жамбыл Артықбаев тәуелсіздік – декларация қабылданған уақыттан басталатынын айтты.

"1991 жылы жаңа заң қабылданды. Содан бастап санасақ, болашақта 30 жылдықты өтпелі кезең деп атайды-ау. Оны тікелей Назарбаевпен байланыстыра ма, жоқ әлде өтпелі кезең деп атай ма – әйтеуір бұл кезеңде бір өтпелілік бар. 30 жыл өтпелілікке көп те емес, аз да емес. Қазіргі таңда Қазақстан, Жаңа Қазақстан дегенді көп айтамыз. Бірақ құлдықты көргендер өліп бітпей, Жаңа Қазақстан болмайды-ау", - дейді Жамбыл Артықбаев Adal Adam YouTube-арнасына берген сұхбатында.

Сонымен қатар, профессор "Назарбаев тарихты өзіне бейімдеп жаздыруды бастады" деген пікірге қатысты ойын айтты.

"Жоғарғы билік (Назарбаев) өзіне ыңғайлағанды дұрыс көрген болуы керек. Сосын 7 томдық та (Қазақстан тарихына қатысты 7 томдық басылым.) солай басталған. Ол кезде жазу оңай еді, қазір қиындап кетті. Біз Алашқа әлі дұрыс баға бере алмай отырмыз. Себебі құлдық деп айтуға қорқып отырмыз.

Сосын 30 жылдыққа дұрыс баға беру керек. Себебі оның контуры әлі түсініксіз. Біз Жаңа Қазақстан деп айтқанымызбен Ескі Қазақстаннан әлі шыққан жоқпыз ғой. Назарбаев "ал енді жазып тастайын" деген уақытында енді жүр "таяқ жеп", - дейді тарихшы.

Жамбыл Артықбаев Әлия Назарбаеваның "Томирис" фильміне қатысы туралы да ойын айтты. Айта кетейік, экс-президенттің кенже қызы Әлия Назарбаева Томирис арқылы өзін соған теңестіргісі келді деген пікірлер болған еді.

"Қазақ халқы – қызық халық. Зиялы қауымымыз да қызық. Морис Семашко жазды екен деп Бейбарыс деп Мысырға шапқылап, Мысырды қаржыландырып болдық иә? Мешітін де жөндеп қойдық, ақшаны да салып жатырмыз. Мысырдағылар Қазақстанды қазақ деп білмейді ғой. Біз үшін бір нәрсе айта салады, одан басқа түк жоқ. Соларды қаржыландырып жатырмыз. Морис Семашко деген еврей ақсақалы бар, жақсы жазушы. Біз қазақ жазушысы емес, шетелде жазып қалса "өліп" қаламыз ғой. Мысалы менің жазғанымды қарамайды. "Томирис" те солай танымал болып кеткен. Негізінен германдық ол, негізінен немістердің "апайы".

Ал Әлия мұны әдейі істеуі де мүмкін, Дариғада да президент боламын деген үміт болды дейді. Саясат жағынан мақұрыммын. Негізі қаржыны салғанда да текке салмайды ғой. Бір есеппен салады. Сондай жоспарлары болса керек.

Мен тарихи фильмдерді көре алмаймын. Мен білетін тарихи фильмдерде тарихи шындықтың ауылы алыс. "Қазақ хандығы" фильмінде де тарихты шапыраштылар жасаған сияқты болып тұрады. Әр рудың тарихта қалатын орны бар", - дейді профессор.


Рекомендовать
Последние новости