"Байбектің бізге қатысы жоқ!". Құрылыс компаниясы Мамайдың мәліметін жоққа шығарды

Dalanews 10 июн. 2021 10:19 1321

«NAK» холдингтік компаниясының бас директоры және құрылтайшысы Саламат Ахметов Жанболат Мамайдың видеосюжетіне қатысты түсініктеме берді деп хабарлайды Dalanews.kz. 

Оның айтуынша, компания іскерлік беделін қорғау және келтірілген зиянды өтеткізу жөнінде сотқа арыз беру мүмкіндігін қарастырып жатқан көрінеді. 

С.Ахметов: Ең алдымен, біздің компанияның құрылыс нарығында 2006 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқанын атап өткім келеді. 15 жыл ішінде біз құрамына 40-тан астам әртүрлі компания кіретін ірі көпсалалы холдинг ретінде қалыптастық. Бүгінде мердігер ұйымдарды қоса есептегенде 2 мыңдай астаналықты жұмыспен қамтамасыз етіп отырмыз. Бұл – отбасы мүшелерімен қоса есептегенде 8 мыңнан астам адам. 

Тек 2020-21 жылдың өзінде біздің холдинг 80 мың шаршы метрді пайдалануға берді, ал биылғы жылдың соңына дейін 40 мың шаршы метр коммерциялық тұрғын үйді қолданысқа енгіземіз. Клиенттеріміз біздің қолжетімді бағаға жоғары сапа ұсынатынымызды жақсы біледі және бағалайды. 

Мамайдың «NAK» компаниясы» Бауыржан Байбектің бизнес-империясы», «Ахметовтер компаниясында оның қойған адамы отыр» деген жалған мәлімдемелері толықтай ойдан шығарылған және оған ешқандай негізі жоқ. 


Біздің холдинг пен Бауыржан Байбектің және оның отбасы мүшелерінің арасында қандай-да бір қаржылық немесе құрылтайшылық қарым-қатынастың жоқ екендігін жауапкершілікпен мәлімдеймін. 

Жалғыз-ақ, тек сонау 2012 жылы менің әкем Қуат Ахметов пен Қыдырғали Байбек Нұр-Сұлтан қаласында осы аттас бизнес-орталықтарды басқару бойынша «Нұр Тау» және «Нұрлы Орда» ЖШС-ларын құрған болатын. Бұл – ешқандай мемлекет қаражатын тартпай жүзеге асырылған коммерциялық жобалар.

Мамайдың «Байбек Ахметовтерге және олардың компанияларына қорған болып отыр» деген сөзі – ақылға сыймайтын бос сандырақ.

Біріншіден, жоғарыда айтып өткенімдей, біздің нарықта жүргенімізге көп уақыт болды және ешкімнің «қамқорлығына» мұқтаж емеспіз. 

Екіншіден, Бауыржан Байбек Алматы қаласының әкімі болған кезде (2015-2019 жж.) сол қалада біз бір де бір жобаны іске асырмадық, бір шаршы метр де салмадық. 

Үшіншіден, NAK холдингі – жеке коммерциялық ұйым, ол әрдайым нарық жағдайында жұмыс істеп келеді және жұмыс істей береді де. Яғни, объектілер салу үшін жер учаскелерін біз нарықтан әдеттегі шарттармен сатып аламыз. 

Біздің сенімді компания деген беделіміз бар. Біз салған жайлы және бизнес-санаттағы тұрғын үйлер халықтың сұранысына ие. 

Мамай атап өткен «Мәңгілік Елдегі» жер учаскесіне келсем, оны Kazakhstan Capital Invest атты жеке компаниямен бірге игеріп жатырмыз. Олар – жер учаскелерінің иелері, ал біз – қосалқы инвестор және бас мердігерлерміз. Біз осы жерде құрылыс жүргізіп жатқанымызды мақтан тұтамыз. Кез келген құрылысшы өзінің салған үйлері елорданың бас көшесін көріктендіріп тұрғанын армандайды. Біздің холдингіміз үшін бұл – үлкен сынақ әрі жауапты іс. 

NAK – әлеуметтік жауапкершілігі жоғары компания. Қиындықтарға қарамастан біз локдаун кезінде қызметкерлерімізді қысқартпадық және жалақы төлеуді тоқтатқан жоқпыз. 

Елорда әкімдігінің өтініші бойынша біз о басында оларды салуға ешқандай қатысымыз болмаса да 4 проблемалық үлескерлік құрылыс нысанын аяқтау бойынша өзімізге міндеттеме алдық. Бұлар – «Асыл Тау» (бұрынғы Территория Комфорта 1), «Тұран Сығанақ» (Сығанақ көшесінің бойында), «Хазар» (бұрынғы «Загреб» ТК), сондай-ақ «Royal Expo» (EXPO-2017 көрме орталығының аумағындағы ТК) кешендері. 

Бүгінгі таңда алданып қалған 1,3 мың отбасы осы нысандардың құрылысының бітуін күтіп отыр. Бұл нысандардың бір бөлігін біз жыл соңына дейін береміз, үлескерлер көптен күткен пәтерлерінің кілтін алатын болады.

Мамай секілділердің түсінуі үшін мынаны айтқым келеді. Мұндай проблемалық нысандардың құрылысын бітіруді кім-көрінгенге сеніп тапсырмайды. Бұған қоса жұртшылық пен құзырлы органдар да мұны барынша бағып отыр. 

Холдингтің басшысы ретінде жоғарыда аталған ролик біздің беделімізге ғана емес, қаржылық жағдайымызға да зиян келтіргенін мәлімдеймін.


Мамайдың жөнсіз соқтығуы тек бізге ғана емес, сонымен қатар біз көмек көрсетіп жүрген қарапайым азаматтарымызға да кері әсерін тигізетіні өкінішті. Біз өз жеке қаражатымыздың есебінен аса мұқтаж азаматтарға жыл сайын демеушілік ретінде көмек көрсетеміз. Олардың арасында көпбалалы аналар мен мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар бар. 

Осыған байланысты біздің заңгерлеріміз қазір материалдарды зерттеп, іскерлік беделімізді қорғау және келтірілген зиянды өтеткізу туралы сотқа арыз беру мүмкіндігін анықтау үшін сарапшылармен кеңесіп жатыр. Осының барлығын саралай отырып, не істейтінімізді шешетін боламыз.

Өтірік соға алатын адам жала жабу мен кемсіту үшін жауап беретінін де түсінуі тиіс. Роликтерде айтылғандардың барлығы – Мамайдың ойдан шығарған долбарлары.

Рекомендовать
Последние новости