Елорда әкімдігі беретін тұрғын үй сертификатының мөлшері 1-ден 1,5 млн теңгеге өсті

Dalanews 10 июн. 2021 12:10 911

Нұр-Сұлтан әкімдігі елордалықтардың тұрғын үй жағдайын жақсартуға ерекше көңіл бөледі. Биыл кезекте тұрғандар үшін 10 мың әлеуметтік жеңілдікті пәтер салынады, деп хабарлайды Dalanews.kz елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Жоғарыда айтылған пәтерлер кезекке сәйкес бөлінеді. Әлеуметтік жеңілдікті тұрғын үй әлеуметтік осал санаттарға арналған. Олардың қатарында ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған аналар, жетім балалар, толық емес отбасылар, көпбалалы отбасылар, мүгедектер, зейнеткерлер, ҰОС қатысушылар бар.

Ал әлеуметтік пәтерлер кезекте тұрған Отбасы банкінің (Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі) салымшыларына арналған. Сондай-ақ, әкімдік жастар, ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, көпбалалы және басқа да санаттар үшін дайын пәтерлерді сатып алады.

Мұқтаж жандарға пәтер кілттері жыл бойы беріледі. Мысалы, 2018 жылы 1800 әлеуметтік пәтер, 2019 жылы 2900 әлеуметтік пәтер салынса, 2020 жылы 7 мың жеңілдікті пәтер қолданысқа берілді.

Ал биыл Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қолжетімді тұрғын үй саны артып, 10 мың әлеуметтік пәтер салынады. Тек соңғы үш жылдың ішінде әлеуметтік пәтерлер саны 5,5 еседен астам артатын болады.

Мұқтаж отбасылар кезекті үй кілтін биыл шілде айында алады. Мысалы, әлеуметтік қолжетімді тұрғын үй құрылысы қаланың барлық ауданында жүргізілуде. Айталық, Отау, Жағалау шағын ауданында, Пригородный тұрғын алабында, Ш.Құдайбердіұлы, Р.Қошқарбаев көшелерінде, жаңа вокзал ауданында үйлер қарқынды салынуда.

Сонымен қатар, биыл Елбасының бастамасымен қолға алынған «Жұмыс істейтін жастарға жалға берілетін тұрғын үй» бағдарламасы да жалғасатын болады.

Осы бағдарлама аясында жыл соңына дейін тағы бір мыңнан астам жас баспаналы болады. Осы мың пәтерден бөлек, биыл жыл басында 350 жас баспаналы болды. Сонымен қатар 2021 жылы жастар үшін арнайы тұрғын үй бағдарламасы (әлеуметтік кредиттеу) іске қосылады.

Сондай-ақ, қазақстандық тұрғын үй компаниясы (ҚИК) желісі бойынша тұрғын үй бағдарламасына қатысушылардың санаты кеңейтілді. Енді бұл бағдарламаға медицина қызметкерлері, педагогтар, әлеуметтік қызметкерлер, өрт сөндірушілер, тәртіп сақшылары, мәдениет және спорт қайраткерлері қатыса алады.

Бұдан басқа, тұрғын үй сертификаттарының сомасы 1-ден 1,5 млн теңгеге дейін ұлғайтылды. Ал тұрғын үй сертификатын алушылардың санаты кеңейтілді.

Тағы бір маңызды пункт қауіпті көппәтерлі тұрғын үй кешендерін жөндеу, ескі және авариялық тұрғын үйлерді бұзу, көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысын аяқтау болып саналады. Мәселен, өткен жылы елордада 50-ден астам көппәтерлі тұрғын үй кешені жөнделді. Соңғы екі жылда апатты жағдайдағы ескі үйлерден 400-ден астам отбасы көшірілді. Биыл тағы да 200-ден астам отбасын көшіру және олар үшін жайлы, ал ең бастысы өмір сүру үшін қауіпсіз жағдай жасау жоспарланып отыр.

Сондай-ақ, үлестік құрылыс нысандарын аяқтау жұмыстары жүргізілуде. Бір жарым жыл ішінде (2019 жылдың жазынан 2020 жылдың соңына дейін) ұзақ құрылыс саны екі еседен астам азайды. Биыл 50-ден астам көппәтерлі тұрғын үйлердің құрылысын аяқтау жоспарлануда. Көптен күткен пәтер кілтін тағы 7 мың үлескер алады.

Елордалықтардың тұрғын үй мәселесін жақсарту қала әкімдігі қызметінің маңызды бағыттарының бірі болып саналады.

Рекомендовать
Последние новости