Қазақстандық кәсіпкер Ерқанат Жұмабековке халықаралық іздеу жарияланды. Бұл туралы Қырғыз Республикасының мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитеті мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Арнайы қызметтің мәліметінше, Жұмабеков халықаралық қылмыстық топ – «Братский круг» ұйымының мүшесі, қылмыс әлемінің серкесі саналатын Камчы Асанбектің ұйымдасқан қылмыстық тобына қаржылай қолдау көрсеткен. Тергеу деректеріне сәйкес, Ерқанат Жұмабеков К.Асанбектің кәсіпкерлерден ақша бопсалау, рэкет және басқа да заңсыз әрекеттер арқылы жүйелі түрде табыс тауып отырғанын біле тұра, ТМД елдерінде өз бизнес-жобаларына қолдау табу және қамқорлық көру мақсатында онымен тығыз байланыс орнатқан.
Сондай-ақ, Жұмабековтің Камчы Көлбаевпен (Асанбектің есімімен танымал) достық қарым-қатынаста болғаны, Ыстықкөлдегі «Барс» демалыс орнында бірнеше рет кездесіп, уақыт өткізгені анықталған. Сонымен қатар, ол Асанбектің Алматыға келген жақын туыстарына қаржылай көмек көрсетіп отырған.
Жиналған материалдар негізінде Бішкек қаласындағы Октябрь аудандық соты Ерқанат Жұмабековті сырттай қамауға алу туралы шешім шығарып, оны іздеуге жариялады.
Кәсіпкердің Баталовпен байланысы қандай?
arasha.kz мәліметінше, Ерқанат Жұмабеков — тек кәсіпкер ғана емес, өңірлік саяси элитаға қатысы бар тұлға. Ол 2014–2021 жылдар аралығында Алматы облысын басқарған, саяси салмағы бар Амандық Баталовтың күйеу баласы.
Баталовтар әулеті оңтүстік өңірлерде ұзақ жылдар бойы ықпалын сақтап келген. Ал Ерқанат Жұмабеков ашық дереккөздерде Алматы мен облыстағы құрылыс және девелоперлік компаниялармен байланысты тұлға ретінде көрсетіледі.
Еске салайық, былтыр талдықорғандық әйел Амандық Баталовтың өзі туралы күтпеген дерек айтқан болатын. Талдықорған қаласының тұрғыны Алматы облысының экс-әкімі Амандық Баталовтан 2012 жылы некесіз бала тапқанын мәлімдеді. Алайда бұрынғы шенеунік баласын әлі күнге дейін мойындамай, тіпті белгісіз бір адамдар қорқытып-үркітіп жүрген көрінеді.
Амандық Баталовтан некесіз бала таптым деген Қарлығаш (өз өтінішімен есімі өзгертілді – ред.) бұған дейін отандық телеарналардың біріндегі ток-шоуға шықпақ болған екен. Бірақ әлдебір құдіретті күш телеарнаға қысым жасап, түсірілімді тоқтатып тастапты.
Оның сөзінше, Қарлығаш Баталовпен 2011 жылы танысқан. Ол кезде облыс әкімінің бірінші орынбасары болған.