Прокуратура органдарының ардагері Хатиша Жұмағұлова Шерзат өліміне байланысты сот процесіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Dalanews.kz Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
Цифрлық дәуірде әлеуметтік желілер мен блогерлер арқылы қоғам пікірінің ықпалы айтарлықтай артты. Алайда заң тұрғысынан алғанда, сотқа, куәларға, жәбірленушілер мен айыпталушыларға қысым жасау әрекеттеріне жол берілмеуі тиіс. Әсіресе резонансты істерде бұл прокурорлар мен судьяларға моральдық қысым тудырып, әділ үкімге кедергі келтіруі мүмкін.
Хатиша Жұмағұлованың сөзінше, азаматтық қоғам сот жүйесін бақылап отыруы керек, бірақ бұл әрекеттер құқықтық шеңберде жүзеге асуы тиіс екенін ескертті.
– Блогерлер екінші тергеу немесе соттың рөлін атқармауы қажет. Егер блогер қандай да бір адамды айғақсыз айыптап, видеолар не жазбалар жарияласа, бұл әділеттілікке кедергі келтіруі мүмкін. Қылмыстық іс – ток-шоу емес. Сөз бостандығы – жала жабу немесе сот ісіне араласу жауапкершілігін жоққа шығармайды, – деді Жұмағұлова.
Ол қоғамды қорытынды жасауға асықпауға және сотты құрметтеуге шақырды.
– Ең бастысы — дауыс көтеру емес, дәлел. Сонда ғана әділ әрі заңды шешімге қол жеткіземіз. Заң – бұл эмоция емес, әділеттің құралы. Сотқа істі толыққанды қарап, әділ үкім шығаруға мүмкіндік беріңіздер, – деді ол.
Еске салайық, былтыр Талғарда жаппай төбелес болып, салдарынан 16 жастағы жасөспірім Шерзат Болат көз жұмды.
Кәмелетке толмаған баланы өлтіру дерегі бойынша Алматы облысының Полиция департаменті қылмыстық іс қозғады. Сондай-ақ, олардың үйі өртеніп кетті.
Көп ұзамай, яғни 9 желтоқсанда марқұм Шерзат Болаттың ағасы Нұрғанат Ғайыпбаев ажал құшты. Полиция департаменті алдын ала деректер бойынша ол суицид жасағанын мәлімдеді. Оған дәлел ретінде полицейлер Нұрғанаттың туысына мессенджер арқылы жазған хатын жария етті.
Ал марқұм Шерзаттың әкесі бауыры Нұрғанат Ғайыпбаевты жер қойнына тапсырғанан кейін бұқаралық ақпарат құралдарымен кездесуді талап етіп, көшеге шықты. Алайда араға ұзақ уақыт салмай Қаржаубай Нұрымовты полиция қызметкерлері ұстап әкетті. Артынша Шерзат Болаттың әпкесі қамауға алынды. Кейін Қаржаубай Нұрымов 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.