Таразда қала әкімінің бұрынғы орынбасары қаржы жымқырғаны үшін түрмеге қамалды

Көркем Алдабергенова 12 мая 2025 12:10 2475

Таразда құрылыс саласындағы сыбайлас жемқорлық ісі бойынша сот үкімі шықты. Қала әкімінің бұрынғы орынбасары Нұрбол Қалдыбаев қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды деп танылып, төрт жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Dalanews.kz Orda.kz-ке сілтеме жасап.

Бұрынғы шенеунікпен бірге сотталушылар қатарында мердігер ұйымның өкілі де болды. Ол алаяқтық бабы бойынша кінәлі деп танылып, алты жыл түрме жазасын алды.

Тергеу нұсқасына сәйкес, 2022 жылғы шілдеден 2023 жылғы қарашаға дейін Қалдыбаев Тараз қаласы әкімдігінде құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласына жетекшілік ете отырып, бірқатар өрескел заңбұзушылықтарға жол берген. Атап айтқанда, «Ұлы Дала» жаңа тұрғын алабындағы екі көпқабатты үй құрылысы аяқталмаған күйде пайдалануға берілген. Бұл нысандарға бюджеттен 1,2 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінген.

Бастапқыда Қалдыбаевқа Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігі бойынша (сеніп тапсырылған мүлікті иемдену және ысырап ету) айып тағылған, алайда тергеу барысында бұл бап қызметтік өкілеттікті асыра пайдалану бабына ауыстырылды. Келтірілген шығын 137 миллион теңгені құрады.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Қалдыбаевты отставкаға кеткен соң үш апта өткеннен кейін, 2023 жылғы 11 желтоқсанда ұстады. Сотта ол өз кінәсін мойындаған жоқ. Алайда мердігер Қалдыбаевтың нысандардың нақты жағдайынан хабардар болғанын және жалған қабылдау актілеріне саналы түрде қол қойғанын растады.


Рекомендовать
Последние новости