Басшылардың былығы: АМӨЗ қызметкерлері қысымға ұшырауда

Қаракөз Амантай 06 мар. 2024 11:15 1987

Әлеуметтік желіде “Атырау мұнай өңдеу зауыты” ЖШС жұмысшыларының ұжымдық үндеуі пайда болды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Қызметкерлердің басты талабы - әділдікке қол жеткізу. Үндеуде олар жоспарсыз және жұмыс өнімділігіне кедергі келтіретін тексерістерге шағымданатындарын жеткізеді. Бұған себеп бірінші жағдай – Атырау мұнай өңдеу зауытының бұрынғы бас директоры Шухрат Данбайға қатысты іс. Экс-басшының ісі бойынша қызметкерлерден арнайы жауап алынған. Өз кезегінде олар моральдық қысымды бастан өткереді. Кәсіпорында жазатайым оқиғаларға жол берілмегенімен, бопсалауға ұқсас істер орын алған көрінеді. Бұл туралы "АЖ" басылымы жазады. 

Бұл іс қалай басталды?

Алдымен “Сот кабинеті” жүйесінде жалпыға қолжетімді Ш.Данбай мен Қ.Сейдуалиевке қатысты қылмыстық іс бойынша Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының №2уп-331-23 қаулысына көз жүгіртіп көрейік.

Сот Ш.Данбай мен “AVC Grouр” ЖШС арасында қалыптасқан өзара тиімді қарым-қатынасты анық көрсетеді. Кәсіпорын шенеунік басшылық еткен кезеңде “Павлодар мұнай-химия зауыты” АҚ-ты жабдықтаумен айналысып, еншілес компаниялармен бірге “Павлодар облысының бокс федерациясы” ҮЕҰ және Атырау облысы бойынша “Өңірлік әуесқой бокс федерациясы” үкіметтік емес ұйымының есепшотына 200 миллион теңге аударған. Бұл кезде Данбай басшылықта еді.

"AVC Group" ЖШС өндірушінің ресми өкілі "ABB" ЖШС-нен 82,2 миллион теңгеге 4 хроматографты сатып алады. Бірақ Консорциумның кепілдігімен жеткізу сомасын 495,5 миллионнан асырып көрсетіп, дәл осындай хроматографтарды Атырау мұнай өңдеу зауытына 577,7 миллион теңгеге жеткізген.

2019 жылы зауыт Консорциумнан (Қытайлық Sinopec Engineering компаниясы, жапондық Marubeni Corporation және "NGSC KazStroService" АҚ) мұнайды терең өңдеу кешенін (келісімшарт сомасы 555,6 млрд теңге) қабылдайды.

2016 жылы Консорциум Атырау мұнай өңдеу зауытына электр энергиясын өндіруге арналған М-0151 турбокеңейткішін береді. Ол үшін зауыт Sinopec Engineering компаниясына 4,1 млрд теңге аударады. Бірақ жабдықтан ақау шығады. Бір реттен сатып алу арқылы 2020 жылдың 24 қыркүйегінде Атырау мұнай өңдеу зауыты "ЭОН Энерго" ЖШС-мен шарт жасасады. Ол өз кезегінде "AVC Group" ЖШС аффилиирленген "AVC Production" ЖШС-мен жөндеу және іске қосу бойынша келісім-шартқа отырады. Ақша төленеді, бірақ детандер жұмыс істемейді.

2018 жылы Консорциум бірінші R-1301 реакторының PI-244 жеңіл нафтасын Parisom изомерлеуіне арналған жабдықты жеткізеді. Оған Атырау мұнай өңдеу зауыты 1,5 млрд теңге төлейді. Зауытты іске қосу кезінде катализатор термиялық соққының әсерінен сөндіріледі. Данбай бұл катализаторды жеткізуді 2021 жылға арналған сатып алу жоспарына енгізсе, одан кейінгі бас директор А.Қайырденов “NOVUS Energy” ЖШС-нен 1,7 млрд теңгеге сатып алады.

Ш.Данбай да ақауы бар жабдықты қабылдайды. Ал 728 миллион теңгеге алынған құрал-жабдыққа зауыт басшылығы тарапынан ешқандай шара жасалмаған. 2022 жылы жүргізілген тексеріс нәтижесі - сүзгілер мен суспензия сепараторының жұмыс істемейтінін көрсетті.

Мұндай істің зардабы Атырау мұнай өңдеу зауытының жұмысшыларына айтарлықтай әсер етіп, олар моральдық тұрғыдан ауыр соққыға жығылады. Ал мұндай кәсіпорындарда кез келген былық ұжымдық түрде жасалады. Осы тұста зауыттың мүддесін қорғау бойынша Данбай мен Сейдуалиевке бірқатар қызметкер көмектескен болып шықты.

Бұл қатарда 2022-2024 жылдары Атырау мұнай өңдеу зауытының бас директоры қызметін атқарған Мұрат Досмұратов та бар.

Қазақстан Республикасының Қаржы мониторингі агенттігі "Атырау мұнай өңдеу зауыты" ЖШС басшылығына қатысты мемлекетке аса ірі көлемде залал келтіру түріндегі ауыр зардаптарға әкеп соққан лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланғаны үшін сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізуде. Досмұратовтың және басқа да зауыт қызметкерлерінің ісін сот анықтайды.

"А.З." жоғарыда аталған үндеуге қол қойған кейбір қызметкерге осы хатқа түсініктеме беруді өтінген. Алайда олар зауытта жұмысты жалғастырғысы келетіндерін және қысымға ұшыраудан қорқатындарын алға тартып, түсініктеме беруден бас тартады.

Еске салайық,күні кеше Атырау мұнай өңдеу зауытының бұрынғы бас директоры Мұрат Досмұратов үйқамаққа алынғаны хабарланған болатын. Бұл туралы "АЖ" басылымына дереккөз мәлімдеген.

Бұған дейін БАҚ Мұрат Досмұратовтың қызметтік өкілетін асыра пайдаланғаны үшін 72 сағатқа қамауға алынғанын хабарлаған болатын. Шенеуніктің ұсталуына бас директор Ғалымжан Жусанбаев пен оның орынбасары, бас инженер Әділет Шошанбасов таяуда қызметінен босатылған Атырау мұнай өңдеу зауытындағы соңғы оқиғаларға қатысы жоқ екені атап өтілген. 

Осыған қатысты Қазақстан Республикасы Қаржы мониторингі агенттігі қылмыстық іс бойынша тергеу жүргізіліп жатқаны туралы мәлімдеме жасаған еді.

"Атырау мұнай өңдеу зауыты" ЖШС басшылығына қатысты мемлекетке аса ірі көлемде залал келтіру түріндегі ауыр зардаптарға әкеп соққан лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдаланғаны үшін сотқа дейінгі тергеп-тексеруді өңірлік прокуратураның үйлестіруімен Атырау облысы бойынша ҚМА департаменті бастады", - делінген болатын хабарламада.


Рекомендовать
Последние новости