Барлық азамат үшін тең құқық: Алматыда ерекше қажеттілігі бар азаматтар референдумда дауыс беріп жатыр

Жарбол Кентұлы 06 окт. 2024 16:16 288

Алматыдағы сайлау учаскелерінде барлық тұрғынға, оның ішінде ерекше қажеттілігі бар адамдарға дауыс беру үшін тең жағдай жасалған. Көру және тірек-қимыл аппараты бұзылған сайлаушылар үшін «Инватакси» қызмет көрсетіп, оларды сайлау учаскелеріне дейін тасымалдау қызметін ұсынады. Референдум күні 100 мамандандырылған көлік қызмет көрсетіп, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың дауыс беру орындарына ыңғайлы әрі қауіпсіз жетуін қамтамасыз етті.

Сонымен қатар, Алматы қаласы Халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының қолдауымен барлық сайлау учаскесінде онлайн режимінде 76 сурдоаудармашы маманы жұмыс істейді. Олар есту қабілеті нашар сайлаушыларға референдум туралы толық ақпарат алуға және дауыс беру ережесін танысуға көмектеседі. Өз бетінше сайлау учаскесіне келе алмайтындар үшін үйде дауыс беру мүмкіндігі қарастырылған. Оларға дауыс беру жәшіктерін сайлау комиссиясының мүшелері жеткізеді.

Меруерт Құлахметова «Инватакси» қызметін пайдаланып, №72 мектепте орналасқан №123 учаскеде дауыс берді.

«Әр адамның дауысы маңызды. Барлық азаматтың теңдігі мен мүддесін құрметтеу арқылы ғана күшті және әділ қоғам құруға болады. Референдум – физикалық мүмкіндігіне қарамастан, әркімнің ел болашағына үлес қосатын мүмкіндігі», – деді Меруерт.

Әлеуметтік кәсіпкер Ғалымжан Бәрібаев №186 мектепте орналасқан №515 учаскеде дауыс берді.

«Бірінші топтағы көру қабілеті шектеулі азамат ретінде инватакси қызметін пайдаландым. Бүгін референдумға қатысып, азаматтық міндетімді орындадым. Әрбір азаматтың пікірін білдіру құқығы бар, бұл еліміздің саяси өмірінің маңызды бөлігі», – деді ол.

Инклюзивтілікті арттыруға және баршаға тең мүмкіндікті қамтамасыз етуге бағытталған бастамалар мүгедектігі бар азаматтарға референдумға кедергісіз қатысуға мүмкіндік берді. Бұл қала әкімдігінің барлық тұрғынға қолжетімді әрі жайлы орта құруға деген ұмтылысын айқындайды.


Рекомендовать
Последние новости