Барахолка дауы: Кәсіпкерлердің жанайқайын кім тыңдайды?

Көркем Алдабергенова 12 июл. 2024 13:45 1465

Алматыдағы «Евразия» және «Рахат» базарларындағы бір топ саудагерлерінің құқығы 6 жылдан бері қорғалмай келеді. Созбалаңға салынған істің нәтижесі боларына үміті үзілген кәсіпкерлер Президенттен араша сұрайды. Сауда үйінің меншік иесі болуға бар тапқан қаржысын құйған кәсіпкерлердің қаражатын кім қайтарады? 6 жылдан бері нүктесі қойылмайтын бұл қандай сот? Істің сағызша созылғанына лауазымды тұлғалардың қатысы бар ма? Бүгін осы сұрақтарға жауап іздеген кәсіпкерлер журналистермен кездесіп мұңын жеткізді, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Саудагерлердің айтуларынша, негізгі мәселе 2015 жылы базарларды модернизациялау дегеннен басталыпты.

"6 жылдан бері сот процесіне нүкте қойылмай келеді. Біз бұл мәселені айта-айта жауыр болдық. Өйткені жауапты органдар нүкте қоюға құлықсыз. Біз енді Президенттен көмек сұраймыз. Енді суда үйінің орнына әкімдік сквер салғысы келеді. Бұл процессте де көптеген инстанциялардан өттік. Бүгінде Жоғары сотта біздің өтінішімізді қарамай отыр. Дәл Барахолканың ортасынан сквер салуды түсінбей отырмыз. Бұл «Рахат» базарына қатысты. Ал «Еуразия» сауда орталығының жағдайы да түсінікіз. Бұл істе созбалаңға салынуда. Қаржыны қалтасына басып қашып кеткен Овсянников сырттай сотталғанымен, елімізге экстрадицияланбады. Ал сауда үйінің жаңа басшылары қайта қайта ауысып жатыр. Менің ойымша бұл істің созбаққа созылуында лауазымды адамдардың әсері бар. Біз Президенттен осы мәселеге бей-жай қарамауын сұраймыз",-дейді «Рахат» базары мен «Еуразия» сауда үйі кәсіпкерлерінің өкілі, «AZP»заңгерлер палатасының мүшесі Жәнібек Башанов.

Оның айтуынша, істің нәтижелі жүргізілуіне заң өкілдері назар аударатын емес. Бір жарым жылдан бері прокуратура іспен әлі танысып жатыр екен.

2023 жылдың 15 қаңтарында «Евразия» сауда үйі кәсіпкерлерінің шағымдары негізінде аса ірі көлемде шығын келтірген алаяқтық фактісі бойынша сауда үйінің бұрынғы иесі И.Н.Овсянниковке қатысты қылмыстық іс қозғалған. Оған негіз болған 2022 жылы орын алған бас-аяғы 6 айда сауда үйіне қатысты 6 сатып-алу келісім-шартының орын алғаны. Жалпы 50 жәбірленушінің 4 994 500 АҚШ долларына «Евразия» сауда үйі салынған. Кәсіпкерлер өз қаражатын сауда үйіне үлестік меншік иесі ретінде салған.

2023 жылдың 6 сәуірінде И.Овсянников сырттай сезікті деп танылып, оны қылмыстық әрекеті ҚР Қылмыстық кодек сінің 190 бабының 4 бабы ә тармағы бойынша бағаланған.

2023 жылдың 12 сәуірінде И.Овсянниковке қатысты сырттай қамауға алу шарасы қолданған.
2023 жылдың 26 сәуірінде Овсянниковке халықаралық іздеу салынған.

Дегенмен, қылмыстық іс бойынша алдын ала тергеу созбалаушылыққа салынуда. Тергеу мен прокуратура органдары қылмыстық істі жан-жақты, объективті тергеуге құлықсыз.

"Біз неге алаяқты елге қайтармаймыз. 67 кәсіпкердің 5,5 млн долларын қалтасына басып, емін еркін жүрген қылмыскерді ұстауға біздің заңның неге күші жоқ. Іс қозғалып жатса да, біздің сауда үйінің орындары бір адамнан бір адамға әлі саудаланып жатыр. Енді Шәміл Әбіш кетіп орнына басқа компания келді. Олар төменгі этажға жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Біз неге кетуіміз керек? Біздің тірнектеп тапқан қаржымызды кім қайтарады? Неге өз елімізде жетім баланың күйін сезініп отырмыз. Овсянниковке 2016 жылы Қазақстан азаматтығы берілген. Егер ол 2001 ден бастап Ресей азаматы болса, 2016 жылы азаматтықты кім берген? Біз енді қайда барамыз? Кімге барамыз? Шырылдап жүрген 67 адамның жан айқайын тыңдайтын адам бар ма? Біздің талабымыз Овсянниковті елге қайтарып, біздің қаржымыз қайтарылсын",-дейді кәсіпкер Сәуле Абдуллина.

Созбалаңға салынған істе құқық қорғау органдарының жұмысы дұрыс жүргізілмеген дейді Алматы облысы заңгерлер палатасының мүшесі Сержан Аршабеков.

Ол: « Менің ойымша істі тәжірибесіз әрі заңгерлік білімі жоқ мамандар жүргізген. Олар іс бойынша нормаға сай тексеріс жасамаған. Тергеу барысында қылмыстық істің жүргізілуінде бірнеше олқылықтар бар. Біз азаматтық қоғам өкілдерін, қоғам белсенділерін БАҚ өкілдерін осы іске бей-жай қарамауын өтінеміз»,- деді.

6 жылға созылған қылмыстық істің аяқталуын өтінген кәсіпкерлердің ендігі үміті Президентте.


Рекомендовать
Последние новости