Банктердің ипотекалық несие беруді доғаратыны рас па - сарапшы пікірі

Кәмшат Тілеухан 12 июн. 2025 17:15

"2025 жылдың 16 маусымынан бастап екінші нарықтағы пәтерлерді ипотекаға ала алмайсыз. Банктер ипотека беруді уақытша тоқтатады. Ұлттық банктің ақша-несие саясатына байланысты осындай шешім қабылданған. Сондықтан баспана алып үлгеріп қалыңыздар" деген сипатта әлеуметтік желіде хабарламалар қаптап кетті. Бұл ақпарат қаншалықты рас?  Dalanews.kz сайты бұл сыбысқа не түрткі болып жатқанын анықтады.

Бірден айта кетелік, Қазақстанда ешбір банк ипотекалық несие беруді тоқтататынын жарияламады. Алайда, өздеріңізге белгілі, жуырда Ұлттық банк несиелердің жылдық тиімді мөлшерлемелерінің ең жоғары көлеміне айтарлықтай қысқарту жүргізген. Соның ішінде ипотекалық несиенің жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі 25-тен 20 пайызға төмендетілген. Бұл сыбысқа осы шешімнің жанама қатысы болуы мүмкін. Бұл долбардың қисынды екенін қаржыгер-маман Ғалым Құсайынов та растап, өзінің кәсіби ойымен егжей-тегжей бөлісті.

"...Ипотека бойынша жылдық сыйақы мөлшерлемесі 20 пайызға дейін төмендетіліп, шектелді. Тек дамыған нарық қана нарықтық бағаны анықтай алады және егер оған сырттан килігіп, бағаны шектесеңіз, бұл тауардың тапшылығына, ал ол өз кезегінде тауардың құнының өсуіне әкеліп соғуы мүмкін. Өйткені мұнайдайда тауар ұсынысы азаяды", - дейді қаржыгер.  

Оның айтуынша, банктер үшін пайыздық мөлшерлеме – өздері саудалайтын ақшаның құны.

"Экономика заңдары алдында барлық сала бірдей: банк болсын, телекоммуникация компаниясы болсын, еш айырмашылық жоқ. Тауардың бағасына шектеу қойылған сәтте, ұсыныстың тапшылығы туындайды. Қазақстанда ақшаның құны реттеуші саясат салдарынан қатты бұрмаланған. Оның үстіне банктер ақшаны мемлекеттен өте арзанға сатып алады. Мемлекет тарапынан берілетін жеңілдіктер осы жағдайға жол ашып отыр. Ағымдағы шоттарға пайыз есептеуге тыйым салу – банктер үшін ақша ресурсын тегін етеді. Олар кейін сол ақшаны нарықтық пайызбен сатылымға шығарады. Валюталық депозиттер бойынша да 1%-дық шектеу бар, демек банктер тағы да арзан ақшаға қол жеткізеді. Бұл ақшаны да олар нарықта әлдеқайда қымбат бағамен сатады. Осылайша, реттеудің арқасында олар еш негізсіз аса үлкен пайда табуға мүмкіндік алуда. Расында, екінші деңгейлі банктер (ЕДБ) үшін ақшаны тартудағы орташа құн нарықтық бағадан әлдеқайда төмен. Мұны реттеуші орган да көріп-біліп отыр", - дейді ол.

Ипотека жайына оралсақ, қаржыгердің пікірінше, мемлекет осы реттеулерге сүйене отырып, банктер тегін ресурстарға (ағымдағы шоттардағы қалдық бос ақшаларға) қол жеткізіп отырғандықтан, ипотеканы да (20%-ға дейін) төмен пайызбен бере алады деп ойлайды. Олардың болжамынша, ұзақ мерзімді кезеңде базалық мөлшерлеме көлемі төмендейді, сондықтан банктер бәрібір табысқа кенеледі-мыс.

"Мен мұндай логикамен келіспеймін және банктердің бұл ретте шынында не ойлайтынын жеткізіп көрейін. Банктер баға белгілеу кезінде өздерінің маржасы мен қаражат тарту құнына емес, ақшаның нарықтық құнына қарайды. Ал ақшаның нарықтық құнын Ұлттық банк өздері белгілейтін базалық мөлшерлеме деңгейімен анықтайды. Ұлттық банк базалық мөлшерлеме арқылы нарықтағы артық өтімділікті қандай пайызбен алып отыратынын да анықтайды. Демек, бұл – қысқа ақшаның тәуекелсіз бағасы. Банктер ақшаны бұдан төмен бағамен бермейді, өйткені олардың Ұлттық банк сипатында кепіл сатып алушысы бар. Қазір Ұлттық банк ақшаны "базалық мөлшерлемеден минус 1%-ға", яғни 15,5%-бен сатып алады. Ипотека бойынша 20% екінші деңгейлі банктер үшін бағаны шектеу дегенді білдіреді. Банктер 15,5%-ға ең кем дегенде 2% көлемінде тәуекел құнын қосады, бұл - проблемалық борышкерлерден туындайтын шығындарды жабуға кететін ақша. Одан кейін банктер операциялық шығындарды (оның ішінде мемлекеттік реттеулер бойынша шығындар да бар) қосады, ол тағы да 1-2% болады.  Осылайша, банктер үшін ипотеканың өзіндік құны кемінде 18,5-19,5%-ға дейін барады. Сонда банктерге қосымша маржа ретінде небәрі 0,5-1,5% ғана қалады. Бұл - өте төмен көрсеткіш. Сондықтан банктер шектеулі әрі қысқа мерзімді ресурстарды мұндай өнімге салуға құлықсыз болады. Оның орнына олар пайыздық мөлшерлемесі жоғары әрі өтімділік тәуекелі мен пайыздық тәуекелді жабатын тұтынушылық несиелерге одан сайын басымдық бере бастайды", - дейді ол.

Қаржыгердің айтуынша, мұның тағы бір себебі бар: екінші деңгейлі банктерде ұзақ мерзімді өтімділік жоқтың-қасы. Өйткені бізде ұзақ мерзімді депозиттер де, ұзақ мерзімді облигациялар бағдарламасы да жоқ. Сондықтан банктер өздерінің есептерінде бәрібір қысқа мерзімді ақшаның құнына сүйенеді.

"Егер, тіпті базалық мөлшерлеме болашақта төмендейді деп болжаған күннің өзінде, банктер әрқашан консервативті әрекет етеді, ең нашар сценарийге дайын болады. Демек, базалық мөлшерлеме төмендемей, керісінше өсіп кетуі де мүмкін дегенді ескеріп отырады. Егер баланста бекітілген мөлшерлеме бойынша ұзақ мерзімді өтімділік болмаса, банктер пайыздық тәуекелге бармайды. Қорыта келгенде, ақша тартуда да, оны сатуда да мөлшерлемелерді шектеу нарықтың құнның қатты бұрмалануына, үлкен теңгерімсіздіктердің туындауына әкеліп соғады.  Соның салдарынан елдегі басқа да салалар зардап шегеді. Сондықтан нарықта баға белгілеудің тәуелсіз тетігі жұмыс істегені аса маңызды", деп сөзін қорытады Ғалым Құсайынов.

Бұған дейін сайтымызда Қазақстанда несиелер бойынша жылдық сыйақы мөлшерлемелеріне шектеулер енгізіліп, жаңаша бекітілгенін, енді бұл ретте асыра сілтеуге негіз жоқ екенін жазғанбыз. Сондай-ақ Сенат баспананы қолма-қол ақшамен сатып алуға тыйым салатын заңды мақұлдағаны да хабарланған. Күні кеше Мәжілісте бір топ депутат екінші деңгейдегі банктерге (ЕДБ) тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесіне қатысуға мүмкіндік беруді сұрады. Қазіргі уақытта бұл құқыққа тек Отбасы банкі ғана ие екені белгілі.


Рекомендовать
Последние новости