Балық өсіруде Түркістан облысы көш басында

Жарбол Кентұлы 18 апр. 2024 11:48 2110

Балық өсіру бойынша елімізде Түркістан облысы көш бастап тұр. Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының өңірде балық шаруашылығын дамыту тапсырмасы аясында Созақ ауданының шаруалары балық шаруашылығымен айналысуды қолға алды, – деп хабарлайды Dalanews.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бүгінде ауданда тауарлы балық шаруашылығымен айналысуға кәсіпкерлердің қызығушылығы күн санап артып келеді. Соның бірі – «Бейбарыс» шаруа қожалығы.

2005 жылы ашылған шаруа қожалығы бұған дейін мал және егін шаруашылығымен айналысып келген. Соның ішінде асыл тұқымды ангус тұқымын өсірген.

Түркістан облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Ақжайық Хаметова Жартытөбе ауылдық округі, Аққолтық елді мекеніне арнайы барып, жеке кәсіпкер Қайрат Байниевтің шаруашылығымен танысты. Кәсіпкер 15 гектар аумаққа балық шаруашылығын дамытуды қолға алып отыр.

Ол мемлекеттік «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 2,5 пайызбен 8,5 млн  теңге несие алып, былтыр көктем айында өз ісін бастаған. Кәсіпкер өзінің жеке тоғанына 15 мың форель шабақтарын жіберіп, өсіруде. Кәсіп иесі алдағы уақытта өз кәсібін кеңейтуді көздеуде.

Кәсіп иесімен кездескен басқарма басшысының орынбасары балық шаруашылығымен айналысу тиімді кәсіптердің бірі екенін айтып, мемлекет тарапынан қолдаулар болатындығын жеткізді.

Ауданда «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 2,5 пайызбен  жеңілдетілген несие мен субсидия беру және осы салаға инвесторлар тарту жұмыстары жүргізіліп келеді. Жалпы ауданда «Ауыл аманаты» жобасы аясында балық шаруашылығын дамыту бойынша 7 кәсіпкер 56 млн теңге несие алған. Жалпы биыл «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында  232  жоба мақұлданып, 1 млрд. 20 млн. теңге қарастырылып отыр.

Айта кетейік, облыста «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша  24 кәсіпкер 168,9 млн теңге жеңілдетілген несие алып, балық өсіру шаруашылықтарын ашқан.


Рекомендовать
Последние новости