«Балақайлар мектебі»: Баланың мектепке дайындығын күшейтетін бастама

Ақтоты Жапатова 30 июл. 2025 19:00

Жазғы демалыс кезінде ата-аналар балаларын демалдырып, жаңа оқу жылына психологиялық тұрғыдан дайындауға тырысады. Ал болашақ бірінші сынып оқушылары үшін бұл — үлкен әрі жауапты қадам. Сондықтан да олардың мектепке бейімделуін барынша жеңілдетіп, бастапқы мүмкіндіктерін теңестіру – маңызды міндеттердің бірі. Осы мақсатта елімізде екінші жыл қатарынан «Балақайлар мектебі» атты қысқа мерзімді мектепалды даярлық бағдарламасы жүзеге асырылуда, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бағдарлама ҚР Оқу-ағарту министрлігінің бастамасымен әзірленіп, Мемлекеттік жалпыға міндетті мектепке дейінгі тәрбие мен білім беру стандартына сәйкес құрылды. Оның негізгі мақсаты – мектепке дейінгі білім беру мен бастауыш мектеп арасындағы сабақтастықты қамтамасыз ете отырып, балаларды оқу процесіне дайындау.

Шамамен 90 мың бала қамтылады

Министрліктің мәліметінше, 2025 жылдың жазғы маусымында «Балақайлар мектебінде» шамамен 90 мың бала қамтылмақ. Қазірдің өзінде екі ай ішінде 25 мыңнан астам бала қысқа мерзімді дайындық курстарынан өтті. Ал тамыз айында қосымша 5,3 мың топ құрылып, 65,2 мың баланы қамту жоспарланып отыр.

Бағдарламаның мазмұны баланың физикалық, коммуникативтік, зияткерлік, шығармашылық және әлеуметтік-эмоционалдық дағдыларын дамытуға бағытталған. Сабақтар күн сайын 30 минуттан, 10 минуттық үзілістермен өтеді. Оларды білікті бастауыш сынып мұғалімдері немесе мектепалды даярлық педагогтері жүргізеді.

Мектепке дейінгі білімге қолжетімділік

Бұл бастама – әсіресе балабақшаға бармаған балалар үшін үлкен мүмкіндік. Оқу-ағарту министрлігі бұл бағдарлама арқылы мектепке дейінгі білімге қолжетімділікті арттырып, бірінші сынып табалдырығын алғаш аттайтын бүлдіршіндердің оқу процесіне оң көзқараспен бейімделуін көздейді.

Астанадағы №71 мектеп-лицейде осы бағдарлама аясындағы сабақтар қызу өтіп жатыр. Екінші күннің тақырыбы – «Менің отбасым» болды. Балалар өз отбасылары туралы әңгімелеп, ата-анасы мен бауырлары жайында айтып берді. Пластилинмен жұмыс жасап, отбасы мүшелерін бейнелеп, рөлдік ойындар ойнады.

«Ұлым балабақшаға бармаған еді. Ал мектепке деген алғашқы әсері қорқынышпен емес, қуанышпен басталса екен деген тілегім болды. “Балақайлар мектебі” соған себеп болды. Әр күн үйге келген сайын өз әсерлерімен бөлісіп отырады, мұғаліміне бауыр басып қалды. Ең бастысы – балам мектепке баруға өзі ынтық. Бұл — мен үшін ең үлкен жеңіс», – дейді ата-ана Айсұлу Маратқызы.

Кішкентай бала үшін мектеп – үлкен өмірдің бастамасы. «Балақайлар мектебі» бағдарламасы сол өмірге алғашқы қадамды сенімді әрі сәтті жасауына жол ашады. Осындай бастамалар арқылы білім беру жүйесі тек академиялық біліммен шектелмей, баланың психологиялық, эмоционалдық бейімделуіне де баса назар аударып отырғаны қуантады. Шын мәнінде, кішкентай қадамдар – үлкен білім жолына апарады.


Рекомендовать
Последние новости