Тоқаев Ердоғанның Ресей мен Украина арасын реттеу ісіндегі айрықша рөлін атады

Сағыныш Сардарова 30 июл. 2025 09:35

Қазақстан мен Түркия Президенттері әлемдегі өзекті мәселелерге қатысты пікір алмасты. Қазіргі күрделі кезеңде қарулы қақтығыстардың ушығуына алаңдаушылық білдіретіндерін жеткізді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Қазақстан мен Түркия президенттері барлық жанжал мен қақтығыс дипломатиялық келіссөздер арқылы бейбіт жолмен шешілуі қажет деп есептейді. Бұл ретте Қасым-Жомарт Тоқаев Режеп Тайип Ердоғанның Ресей мен Украина арасындағы жанжалды реттеу ісіндегі айрықша рөлін атап өтті.

"Бұл – Сіздің беделіңіз бен ықпалыңыздың айқын дәлелі. Қос елдің Біріккен Ұлттар Ұйымын реформалау қажеттілігі жөніндегі ұстанымы – ортақ. Қазақстан әрбір елдің аумақтық тұтастығы сақталуы керек деген ұстанымды қорғайды. Қазақстан мен Түркия халықаралық аренадағы тиімді ықпалдастығын жалғастыра береді. Қазақстан дипломатиясы Түркі мемлекеттері Ұйымының одан әрі дамуына баса мән бермекші. Осы бағытта Түркия тарапымен бірлесіп жұмыс істей береміз. Жаһандық тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін күш-жігерімізді біріктіреміз. Осы тұста Қазақстанның халықаралық бастамаларына көрсетіп жатқан қолдауына, соның ішінде Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі Кеңесті дамытудағы Түркияның үлесіне ерекше ризашылық білдіремін", – деді Мемлекет басшысы.

Түркия Президенті бүгінгі келіссөздердің нәтижелі болғанын атап өтті.

"Қазақстан – аймақтағы экономикасы ең ірі ел және біздің негізгі серіктесіміз. Бүгін біз қорғаныс пен энергетикадан бастап, көлік, ғылым мен технологияға дейінгі кең ауқымды салалар бойынша пікір алмастық. Біз тау-кен, сирек кездесетін металдар бағытындағы ынтымақтастық мүмкіндіктерін қарастырдық. Қазақстан мұнайын Түркия арқылы әлемдік нарыққа экспорттау мүмкіндіктерін талқыладық. Тарихи Жібек жолының қазіргі баламасы – Транскаспий көлік бағдарын пайдалану және дамыту жолдарын қарастырдық", – деді Режеп Тайип Ердоған.

Түркия Президенті туризм саласындағы ынтымақтастық перспективасына тоқталып, түрік азаматтарына Қазақстанда 90 күн визасыз жүруге рұқсат беру туралы шешім қабылдағаны үшін Мемлекет басшысына ризашылығын білдірді.

Сөз соңында Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі келіссөздердің табысты өткені үшін Режеп Тайип Ердоғанға алғыс айтып, Түркия Президентін өзіне ыңғайлы уақытта Қазақстанға сапармен келуге шақырды.

Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия Республикасының ең жоғары мемлекеттік наградасы – "Devlet Nişanı" орденімен марапатталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия Республикасының ең жоғары мемлекеттік наградасы – "Devlet Nişanı" орденін алу зор мәртебе екенін атап өтіп, Президент Режеп Тайип Ердоғанға және барша түрік халқына шынайы алғысын жеткізді.

"Мен отандық немесе шетелдік орден және басқа да марапаттарды қабылдаудан бас тарттым. Алайда бүгінгі Сіздің шешіміңіздің мән-маңызы ерекше деуге болады. Бұл – қазақ-түрік ынтымақтастығы жылнамасындағы мағынасы терең тарихи оқиға. Сіз осы шешіміңізбен бабаларымыздың аманатына берік екеніңізді тағы бір мәрте көрсеттіңіз. Бізге асыл мирас болып қалған баға жетпес мұрамыз – достық пен бауырластық байланыстарды бекемдей түстіңіз. Бұл жоғары марапатты түрік елінің барша қазақ халқына көрсеткен ерекше құрметі деп санаймын. Осы игі бастама – тамыры бір, діні мен ділі ортақ халықтарымыз арасындағы мызғымас достықтың айқын белгісі, қастерлі құндылықтарымызды дәріптейтін маңызды қадам. Сондай-ақ бұл – қазақ-түрік стратегиялық ынтымақтастығын одан әрі нығайтуға деген өзара ұмтылыстың айғағы", – деді Мемлекет басшысы.

Президент әріптесі Режеп Тайип Ердоғанды әлемдік деңгейдегі көреген, ықпалды, аса көрнекті саясаткер, өңірлік және жаһандық тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайтуға өлшеусіз үлес қосып отырған тарихи тұлға деп атады.

"Парасатты саясатыңыз бен ел мүддесін ілгерілету жолындағы табанды әрі қажырлы еңбегіңіздің арқасында осындай абырой биігіне шықтыңыз. Түркияның бүкіл дүниежүзіндегі беделі ешкімнің күмәнін тудырмайды. Сіздің басшылығыңызбен Түркияның қол жеткізген табыстары әлемнің әрбір түкпірінде мойындалатын болды. Түркияның әлем мойындаған жетістіктері, қарқынды дамуы, халықаралық қауымдастықтағы биік беделі мен зор ықпалы Сіздің атыңызбен тікелей байланысты. Бүгінде еліңіз экономикалық дамуы бойынша әлемнің жетекші 20 мемлекетінің қатарында. Сарапшылардың болжамы бойынша Түркияның болашағы – жарқын, ал дүниежүзіндегі ықпалы арта бермек. Сіздің көшбасшылығыңызбен тұғыры биік Түркия өзінің жаңа алтын дәуірінде биік белестерді бағындыра беретініне кәміл сенемін. Біз Түркияның Қазақстанның Тәуелсіздігін таныған алғашқы мемлекет болғанын еш уақытта ұмытпаймыз. Бұл егемен Қазақ елінің жылнамасында сақталатын өшпес тарихи дерек", – деді Президент.

Рекомендовать
Последние новости