Азат Перуашев: «Қазақстан қазба байлықтан түсетін салықтан басқа, заманауи технологияға ие болуы керек»

Dalanews 06 янв. 2021 11:06 941

«Ақ жол» партиясының сайлауалды бағдарламасын насихаттау мақсатында саяси ұйым жетекшісі Азат Перуашев мырза «Хабар» арнасында өткен дебатта еліміздің саяси-экономикалық, әлеуметтік жағдайын жақсартуға қатысты ойларымен бөліскен болатын. Осы ретте «Ақ жол» партиясының төрағасы елімізде экономикалық реформаларды табысты жүзеге асыру үшін ашық, бәсекеге қабілетті кәсіпкерлердің шоғырын қалыптастыру керек екенін атап өтті.

Ашық пікірталаста Азат Перуашев ҚР Ұлттық банктің пайыздық мөлшерлемесін төмендетуді ұсынды. Қазіргі таңда Еуропалық банктер өздерінің пайыздық мөлшерлемесін – 05 пайызға дейін төмендеткенін «Ақ жолдың» жетекшісі тілге тиек етті.

– Алдағы уақытта еліміздегі шағын және орта бизнес өкілдерінің алған несиелерін қайта қаржыландыруды ұсынамын. Пандемияға байланысты 4 мыңнан астам ғана кәсіпкердің алған несиелері қайта қаржыландырылуда. Біздіңше, еліміздегі барлық кәсіпкерлердің несиелері қайта қаржыландырылуы қажет. Бұл ел экономикасын дамыту үшін қажет шара. «Ақ жол» партиясы осы бағытта жұмыс істеп, көздеген мақсатына қол жеткізгенше, жұмыс істейтін болады, – деді «Ақ жол» партиясының төрағасы.

Сонымен қатар партия жетекшісі осындай қиын кезеңде шағын және орта бизнес өкілдерін салықтан босату мәселесін де алға тартты. Азат Перуашев мұндай маңызды шараны Үкімет еліміздегі кәсіпкерлердің төлем қабілеті пайда болғанша сақтауды және әлеуетті салалар бойынша қосымша құн салығының мөлшерін де біршама төмендетудің маңызы зор екенін  айтты.

– Болашақта Қазақстан табиғи қазба байлықтардан тек қана салықтық төлемдер ғана алып қоймай, сонымен қатар өнімді терең өңдейтін заманауи технологияларға да ие болуы керек. 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап қазақстандық 58 компания «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану» туралы кодексіндегі көрсетілген жеңілдіктерден айырылады. Сол себепті «Ақ жол» партиясы еліміздегі тау-кен және мұнай-газ саласында жұмыс істеп жатқан шетелдік ірі компаниялардан қазақстандық кәсіпорындардың тауарын сатып алып, елімізде өндіріс орындарын құруды талап етеміз, – деген Азат Перуашев дебат барысында ел экономикасын дағдарыстан қалай сақтап қалудың нақты жолдарын көрсетті.


Елімізде шағын және орта бизнестің мүддесін қорғап жүрген «Ақ жол» партиясы Парламент қабырғасында кәсіпкерлердің жағдайын жақсартатын бірқатар заңдарды қабылдауға мұрындық болғаны белгілі. Айталық, 2012 жылы «Ақ жол» партиясының талап етуі бойынша Үкімет заңды тұлғаларды қылмыстық жауапкершілікке тарту мәселесін алып тастаған болатын. Сол сияқты 2017 жылы «Ақ жол» партиясының араласуымен жалған кәсіпкерлерді анықтау мәселесі қаралып, мыңдаған кәсіпкер азаматтар түрмеден босатылған. Бұдан басқа, 2020 жылы «ақжолдық» депутаттардың арқасында 600-ден астам кәсіпкерлердің үстінен заңсыз  қозғалған қылмыс тоқтатылды. Еліміздегі шағын кәсіпкерлерді тексерудің үш жылға дейін тоқтатылуына «Ақ жол» партиясы араласқаны белгілі.

Осылайша, «Ақ жол» партиясы көпшілік ортада өзінің алға қойған мақсатынан айнымай, елімізде кәсіпкерлік саланы қорғайтын жетекші саяси ұйымға айналды.

(Материал ақысы «Ақ жол» партиясының сайлау қоры қаржысы есебінен төленді)

Рекомендовать
Последние новости