Азаматтық қоғамның жаңа көкжиегі: Астанада XII форум өтті

Асель Қайратқызы 10 окт. 2025 18:56

2025 жылдың 10 қазанында елордада «Инновациялар мен технологиялар: Астана азаматтық секторының болашағы» тақырыбында XII Азаматтық форумы өтті. Іс-шараға азаматтық қоғам институттарының өкілдері, мемлекеттік органдар, қоғам белсінділері мен сарапшылар қатысты, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Форум азаматтық сектордың дамуына серпін беретін маңызды алаң болды. Қатысушылар заманауи технологиялық шешімдер мен инновациялық тәсілдерді талқылап, азаматтық бастамалардың тиімділігін арттыру жолдарын іздестірді.

Форум аясында:

  • табысты жобалар таныстырылып,
  • тәжірибе алмасуға бағытталған панельдік сессиялар өтіп,
  • қатысушылардың кәсіби біліктілігін арттыруға арналған талқылаулар ұйымдастырылды,
  • сонымен қатар әртүрлі ұйымдар мен бастамалар өз жобаларын көрмеде ұсынған еді.

Бұл форум азаматтық сектор өкілдерінің өзара байланысын нығайтып, жаңа серіктестіктер құруға мүмкіндік берді. Инновациялық шешімдер мен цифрлық құралдарды тиімді пайдалану арқылы Астананың азаматтық қоғамының әлеуетін арттыру - форумның басты мақсаты еді.

«Бұл Азаматтық форум Қазақстан бойынша әр өңірінде өткен форумның соңғы форумы. Себебі Астана қаласында өткізіліп, аяқталып, одан кейін Республикалық Орталық форумға көшетін боламыз. Биылғы жыл Қазақстан Азаматтық Альянсының үлкен мерейлі күні. Сондықтан үлкен маңызы бар форум. Қазақстанның әр өңірінде өткен форумның өз ерекшеліктері болды. Азаматтық сектордың үкіметтік емес ұйымдарының, белсенді азаматтарының, түрлі қорлар, қоғамдық ұйымдардың жұмысын жыл бойғы қорытындылау есебі . Әлеуметтік жобаларын көрсету, қандай жетістікке жеткенін айқындау. Одан кейін әр өңірде ерекшеліктеріне сәйкес әр форумның қорытындысы шығарылады. Сондықтан мұнын бәрі Республикалық форумда айтылатын болады. Себебі әр форумның қорытындысы белгілі бір ұсыныстарды бекіту және оны республикалық форумға жолдау. Бүгін бізде заман талабына сай , Президенттің жолдауына сай жасанды интеллектке байланысты, азаматтық секторлық күшейту, жастардың жобаларын қолдау, іске асыру, волонтерлық еріктілердің жұмысына көңіл бөлу секілді бағыттар бар»,- деп атап өтті Астана қаласы Азаматтық бастамалар орталығының жобалар жетекшісі Қожахметов Шыңғысхан Шопанұлы.

Спикер ретінде қатысқан ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Құрманова Айзада Амангелдіқызы: Елімізде ЕҰҰ- ның әлеуметтік жобаларына бөлінетін қаржы көлемі соңғы 5 жылда екі есе өсті.

Бүгінде елімізде 18 мыңға жуық белсенді үкіметтік емес ұйым (ЕҰҰ) тіркелген. Олар мемлекеттік органдармен әртүрлі диалогтық алаңдар мен бірлескен жобалар арқылы тығыз байланыс орнатып, қоғамның өзекті мәселелерін шешуге белсене атсалысуда. Бұл туралы Айзада ханым мәлімдеді.

Оның айтуынша, қазіргі таңда мыңға жуық ЕҰҰ әлеуметтік жобаларды басқару тетіктері арқылы жүзеге асырып отыр. Бұл азаматтық сектордың әлеуеті артып келе жатқанын көрсетеді.

«Соңғы бес жыл ішінде елімізде үкіметтік емес ұйымдардың жобаларын қаржыландыру көлемі екі есеге артты. Бұл – азаматтық қоғам мен мемлекет арасындағы серіктестіктің нығайғанының айқын көрінісі. Астана қаласы да бұл үдерісте алдыңғы қатарда. Қала бюджетінің 10 %- ы әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған»,- деді министр.

Дегенмен, вице-министр жобалардың саны ғана емес, олардың сапасы мен тиімділігі де басты назарда болуы тиіс екенін ерекше атап өтті.

«Біз тек көрсеткіштерге қарап қана қоймай, олардың қоғамға нақты пайдасын бағалауымыз керек. Жобалардың әлеуметтік әсері, олардың шешіп жатқан нақты проблемалары мен қоғамға әкелген оң өзгерістері басты назарда болуы қажет»,- деп толықтырды ол.

Азаматтық қоғамның бұл белсенділігі мемлекеттік саясатты жетілдіруге, әлеуметтік мәселелерді шешуге және ел дамуына азаматтық бастамалар арқылы үлес қосуға үлкен мүмкіндік береді. 

«Еліміздің 19 өңірінде форум өтті. Еліміздегі үкіметтік емес ұйымдарының 15%- пайыздан астамы елордада. Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан атты жолдауында үш жыл ішінде толыққанды цифрлы ел болу туралы нақты бағыт айқындалған. Еліміздің барлық салаларында цифрлық шешімдерді енгізу тапсырма қойылды. Цифрлық дәуір азаматтық қоғамға жаңа мүмкіндіктер ашып отыр»,- деп атап өтті ол.

Сонымен қатар, форумда «Esbol Qory» қорының төрағасы Ақтаев Жандостың «Негативті құбыластырдың алдын алуға азаматтық қатысудың цифрлық құралдары» тақырыбындағы баяндамасы, «Тең мүмкіндіктер әлемі» қорының директоры Үлжекова Н.Т.–ның «Қолдау көрсетудің жергілікті бастамаларын дамыту» тақырыбындағы баяндамасы, Yandex Kazakhstan компаниясының GR директоры Мұқатов М.Ж. –ның «Цифрлық қолжетімділік: азаматтық қоғамға көмектесетін технологиялар» тақырыбындағы баяндамасы және т.б. қызықты әр түрлі сектор өкілдерінің талқылау дискуссия болды.


Рекомендовать
Последние новости