Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін, 2025 жылы 8 қазанда экономикалық даму сапасын арттыру және баға тұрақтылығын қамтамасыз ету мәселелері бойынша кеңес өткізді, деп хабарлайды Dalanews.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жиынға Премьер-министр, Президент Әкімшілігінің басшылығы, Ұлттық банктің төрағасы, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің, Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің жетекшілері мен Үкімет мүшелері қатысты.
Кеңес барысында макроэкономикалық орнықтылықты нығайту, азаматтардың әл-ауқатын көтеру және инфляция деңгейін төмендету шаралары қаралды.
Президент халықтың табысын жақсартуда саннан сапаға көшудің маңызды екенін атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев экономиканы орнықты дамыту үшін барлық жауапты мемлекеттік органдардың жүйелі жұмыс істеуі керек екенін айтты.
Айта кетсек, кейбір сарапшы бұл кеңесте Ұлттық Банктің Ақша-несие саясаты жөніндегі комитеті базалық мөлшерлемеге қатысты 10 қазанда қабылдауы тиіс шешіміне қатысты мәселелер талқыланған болуы мүмкін деп топшылайды. Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы жүргізген сауалнама қорытындысына сәйкес, қаржы нарығы өкілдерінің 73 пайызы базалық мөлшерлеме тағы көтеріледі деп санайды. Сондай-ақ америкалық банк - JP Morgan Қазақстанда базалық мөлшерлеме кем дегенде 100 б.п-ға өсетінін болжайды. Ал бұл Қазақстанда несиелер қымбаттап әрі қолжетімсіз бола түсетінін білдіреді. Оның тікелей себебін мына арадан оқи аласыздар.