Несиелер қымбаттап әрі қолжетімсіз бола түседі. Неге?..

Кәмшат Тілеухан 06 қаз. 2025 16:55

Қазақстандықтар үшін несиелер қымбаттап әрі қолжетімсіз бола түседі. Бұған жоғары сыйақы мөлшерлемелері мен банктердің маржасын қысқартуға түрткі ЕТРТ-ға қатысты талаптардың қатаңдауы себеп болмақ. Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының жариялаған соңғы шолуында осындай тұжырым келтіріледі, деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Нақты сыйақы мөлшерлемесі 3,6% дейін төмендегенімен, бұл кейінгі 10 жылдағы орташа деңгеймен (3,0%) шамалас. Бірақ номиналды мөлшерлемелер әлі де жоғары және Ұлттық банк саясаты қатаңдаса, олар одан әрі өсуі мүмкін", делінген қаржылық шолуда.

Сонымен қатар қатаң резервтік талаптар қыркүйек айында банктердің өтімділігін 1,5 трлн теңгеге азайтты. Бұл жағдай депозиттердің қымбаттауына, ал несие табыстылығының баяу өсуіне әкеліп отыр.

Нәтижесінде банктердің табысы төмендеп, рентабельділік қысқарды.

Экономистердің болжамынша, бұл процесс жалғаса берсе, банктер несиелеуді азайтып, қаржыландыру тәуекелін тұтынушыларға жүктеуі мүмкін.

"Мұндай сценарий инвестициялық белсенділіктің бәсеңдеуіне және экономиканың баяулауына әкеліп соқтыруы ықтимал. Мұның шешімі, инфляциялық күтім мен девальвацияны тежеу бола алады. Нарықтағы тұрақтанудың басты шарты – инфляция мен девальвация күтімін төмендету. Егер бұл бағытта оң өзгеріс болса, пайыздық ставкалар біртіндеп төмендеп, экономиканың инвестициялық тартымдылығы артады", - дейді сарапшылар.

Бұған дейін Ұлттық Банк екінші деңгейдегі банктер үшін ең төменгі резервтік талаптардың (ЕТРТ) мөлшерін өзгертті. Осылайша, мынандай жаңартылған нормативтер белгіленді: теңгелік міндеттемелер бойынша – 3,5% және 5%, валюталық міндеттемелер бойынша – 10% және 15%. Ұлттық Банк түсіндіріп өткендей, қабылданған шаралар ақша агрегаттарының артық өсімін азайтуға, ақша-кредит саясатының трансмиссиясын жақсартуға мүмкіндік береді, сонда бұл инфляцияға қарсы күрестің тиімділігін арттырады. ЕТРТ стандарттары жыл бойына кезең-кезеңімен мақсатты деңгейге дейін көтеріліп отырады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар