Айсұлтан Назарбаев: "Атам Абылайдың арманын жүзеге асырды"

Dalanews 06 июл. 2016 13:54 1029

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жиен немересі Айсұлтан Назарбаев Астана күні қарсаңында атасын туған күнімен құттықтап, қазақ халқының ғасырлар бойы аңсаған арманына тәуелсіздік алып қол жеткізгенін атап өтті.

Құттықтауын Фейсбуктағы парақшасында жариялаған Айсұлтан, ең алдымен қызды болған кезде тілектерін жаудырған тілеулестерге алғыс білдіріп, қызының есімін кім деп қойғанын да айтты деп хабарлайды stan.kz.
“Достар мен сіздерге алғыс айтқым келеді. Біз сіздерден ештеңе жасырмаймыз. Сол себепті қызымыздың есімін қалай қойғанымызды да айтқым келеді. Біздің сұлуымыздың аты Амели Назарбаева. Біздің кішкентай отбасымызға тілеген тілектеріңіз үшін рахмет айтамыз”

– деп жазды.

Осылайша ризашылығын жеткізгеннен кейін, күннің негізгі тақырыбы Елбасының туған күніне қатысты жүрекжарды құттықтауын жеткізген.

“Бүгін біз үшін ерекше күн – Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың туған күні. Ол кісінің керемет істері менің әркез жүрегімде. Бір жағынан әрине, мен ол кісінің немересімін. Тағы бір нәрсе – мен осы Қазақстанның азаматымын. Мен – қазақпын. Әлемнің кез-келген елінде өзімнің ұлтым туралы мақтанышпен айта аламын. Мыңдаған жылға созылатын тарихыммен мақтанамын. Біз кешегі көшпелі халықтардың ұрпағымыз. 550 жыл бұрын өз алдарына бөлек ел болған бабаларымыз бізге бейбіт күнді сыйлады”, – деген Айсұлтан Назарбаев 25 жыл бұрын тәуелсіздік алған қазақ елінің еңсесін тіктеп, етегін жинап ел қылуда, шекарасын толықтай бекітіп шығуда президенттің еңбегі орасан екенін айтқан.

“Сонау Керей мен Жәнібектен бастап барлық бабаларымыз халықтың бірлігі мен ұйымшылдығын сақтай алды. Абылай хан айтқан: Менде үш арман болды. Біріншісі: өз елімді бейбіт өмірге жеткізу, бірақ ол үшін көп қан төгілді. Екіншісі: мен халқым үшін қала тұрғыза алмадым. Үшіншісі: бүкіл халықты соңына дейін біріктіре алмадым”.
Абылай ханның арманы бүгінгі Қазақстанда орындалды.

Оны ешқандай хан орындай алмады, бірақ алғашқы заңды сайланған президент орындады. Біздің ержүрек, қайсар халқымыз президентпен бірге 25 жыл ішінде ғасырға бергісіз жұмыс атқара алды. Бұл біздің ұлы, кез-келген игі іске икемді халық екенімізді анық аңғартады. Аллаға шүкір, қазақта осындай көшбасшы бар. Абылай ханның өзі қазіргі заманды көрсе президентпен мақтанар еді”, – дейді ол.

Немересі сөз соңында “Ата Сізді туған күніңізбен құттықтаймын! Сізге зор денсаулық тілеймін. Алла-Тағала Сізге ең ұзақ өмір берсін!”, – деп аяқтайды.

Рекомендовать
Последние новости