Шерзат ісіне қатысты сотта айыпталушылардың қорғаушылары прокурорға қарсылық білдірді. Бұл жағдайға адвокат Мейірман Шекеев пікір білдірді, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
"Прокурорға қарсылық білдіру Қылмыстық-процестік кодекстің 88-бабында көрсетілген. 88-бапта 87-бапқа сілтеме жасалады. Ол жерде қандай жағдайда прокурорға қарсылық білдіруге болатыны туралы тізбесі көрсетілген. Айыпталушылардың өкілдерінің беріп отырған негіздері ол талаптарға сай емес. Эмоциялық жағдай, басқа деген бапта негіз болып саналмайды. Сот бұл қарсылықты қанағаттандырмайды деп ойлаймыз", - деді адвокат.
Бүгін сот отырысында айыпталушы Дархан Әскентайдан жауап алу басталды. Прокурор Дана Сәрсенбай айыпталушы Дархан Әскентайға сұрақтар қойып бастаған кезде оның қорғаушысы прокурорға қарсылық білдіретінін мәлімдеді. Бұл қарсылықты қорғаушы тарап қолдады.
"Ол (Дана Сәрсенбай – еск.) сұрақтарды бұрмалап қойып, айыпталушыға қысым көрсетіп, дауыс көтеріп сөйлеп отыр. Біз мемлекеттік айыптаушыға қарсылық білдіреміз", – деді адвокат Мәулен Ержанов.