Аида Балаева «Қазақстан балалары» ұлттық науқаны басталғанын мәлімдеді

Ақтоты Жапатова 22 мая 2025 23:10

Қазақстанда Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында «Қазақстан балалары» атты ұлттық науқан басталды. Бұл туралы ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева өзінің бейнеүндеуінде мәлімдеді, – деп хабарлайды Dalanews.kz

Министрдің айтуынша, онкүндік Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Отбасы – тәрбие бастауы!» ұранымен өтуде. Бұл бастама арқылы мемлекет бала тәрбиесіндегі отбасылық құндылықтарға, ата-ана мен баланың өзара түсіністігіне баса назар аударуды көздеп отыр.

"Құрметті достар!

Баршаңызды алдағы Халықаралық балаларды қорғау күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Мереке қарсаңында Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Отбасы – тәрбие бастауы!» ұранымен онкүндік басталды. Өйткені бала тәрбиесінде шешуші рөл атқаратын – отбасы. Дәл осы ортада тұлғаның қабілеті дамып, болмысы қалыптасады.

Президентіміз балалардың сапалы білім алуы мен тәрбиесіне мемлекет пен ата-ананың ортақ жауапкершілігі маңызды екенін үнемі айтып келеді. Социологиялық зерттеулерге сәйкес, азаматтардың 90%-ы ата-ана болуды өміріндегі ең маңызды құндылық деп санайды. Ал 85 пайызы ата-ана мен бала арасындағы өзара түсіністікті – отбасылық әл-ауқаттың негізгі шарты ретінде көреді.

Мемлекет әр бала тек үйде ғана емес, қоғамда да қамқорлық пен сүйіспеншілікке бөленуі үшін барлық жағдайды жасап келеді. Бұл бағытта Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мен Мәдениет және ақпарат министрлігіне маңызды міндеттер жүктелген.
Ұлттық комиссияның «One-Stop-Service» жобасы аясында балаларға қатысты сексуалдық зорлық-зомбылық оқиғаларын қамтитын 50-ге жуық қылмыстық іс қаралып, 700-ден астам әйел мен балаға жедел көмек көрсетілді.

Шалғай өңірлерге қызмет көрсеткен «Саламатты Қазақстан» пойызы 100 мыңнан астам азаматты қамтыды. Әсіресе көпбалалы аналар мен мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған әлеуметтік осал отбасыларға ерекше назар аударылды. Сондай-ақ, балалардың цифрлық қауіпсіздігі мен суицидтің алдын алу бойынша нақты бастамалар жүзеге асуда", - деді министр.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев төрағалық еткен Үшінші Ұлттық Құрылтайда берілген тапсырмаға сәйкес, Үкімет «Қазақстан балалары» бірыңғай бағдарламасын әзірлеп жатыр. Бұл – балалардың өзекті мәселелерін шешуге арналған, заманауи сын-қатерлерге жауап беретін тұтас ұлттық жүйе болмақ.

Биыл Мәдениет және ақпарат министрлігі «Ата-ана академиясы» жобасын іске қосты. Жақын арада арнайы онлайн платформа іске қосылып, ата-аналарға арналған білім беру және тәжірибе алмасу мүмкіндігі ұсынылады.

Бейнеүндеу соңында Аида Балаева барлық ата-аналарды балалардың қызығушылықтары мен мұқтаждықтарына көбірек көңіл бөлуге шақырып, барша отбасыларға бақыт пен береке тіледі.

"Бақытты әрі дені сау ұрпақ – еліміздің басты мақтанышы және мемлекетіміздің өркендеуінің шынайы көрсеткіші. Мерекеде барлық отбасыға бақыт пен береке, жанұя жылуын тілеймін", - деді Аида Балаева.


Рекомендовать
Последние новости