Түркістан облысында “Оқуға құштар мектеп” жобасы аясында мектеп кітапханалары жаңа кітап қорымен толықтырылуда, – деп хабарлайды Dalanews.kz
Жалпы облыста 70-ке жуық Coworking-орталық, кітапханашылар клубы, оқырман жобалары іске қосылған. Қазіргі таңда оқушы оқырмандар үлесі 80%-ды құрайды.
Бұдан бөлек, облыста “Кел, балалар, оқылық!” кітапханашылар клубы құрылып, “KITAPLIKE” оқырмандар клубы және “Кітаптарды жарнамалау” жобалары қолға алынған.
Сонымен қатар, өңірде “КІТАПХАНА+ТЕАТР” жобасы, “Отбасымен бірге кітап оқимыз” атты марафон, “Каникулда кітап оқимыз” атты кең көлемді іс-шаралар ұйымдастырылуда. Сондай-ақ, мектеп кітапханаларында “Оқу сағаты”, яғни әр оқушының мектепке келгенде 20 минут кітап оқу арқылы қызығушылығын арттыру жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Облыс көлемінде авторлық “KitapХАН@“ кітап оқу сайысын 2021 жылдан бастап жалпы пән мұғалімдері мен мектеп кітапханашылары арасында өткізу дәстүрге айналып, іс-тәжірибе республика көлемінде таратылуда.
Айта кетейік, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Республикалық ғылыми-педагогикалық кітапханасымен «KitapXAH» кітап оқыту әдісін жүзеге асыру аясында ынтымақтастық орнатылған. Нәтижесінде Түркістан облысының іс-тәжірибесі республика көлемінде таратылуда.